{metadescription}
Алматыда шаруалар жәрмеңкедегі табысынан қағылып отыр
Алматыда шаруалар жәрмеңкедегі табысынан қағылып отыр

Алматыда шаруалар жәрмеңкедегі табысынан қағылып отыр

Қаланың бас санитар дәрігері шығарған бұйрықты қала әкімі неге мақұлдамайды? Алматыда жәрмеңкедегі табысынан қағылған шаруалар бүгін әкімдікке осындай базынасын айтып жиналды. Олар өнімін өткізе алмай, қып-қызыл шығынға батып жатқандарына наразы. Шаһардың бас санитар дәрігері Жандарбек Бекшин өткен апта жәрмеңкелер жұмысына рұқсат бергенмен, атқамінерлер әзір шешімді бекітуге асығар емес. Наразы шаруалардың талабын тілшіміз тыңдап қайтты.

Ала жаздай жеміс-жидегін суарған Гулляр Сулейманованың бүгінде салы суға кеткен. Өйткені өнімі піскенімен, өткізетін жер жоқ. Жәрмеңке жұмысын карантиннен кейін жандандыруға әкімдік әзір рұқсат бермей отыр.

Гулляр Сулейманова, шаруа:

- Ектік. Өсірдік. Сататын жер жоқ. Сенбі, жексенбі барлық жәрмеңкелер жабық. Амалдың жоқтығынан базар жанында сатып көріп ек, айыппұл салып қуып шықты. Күзде салық төлеу керек. Ақшаны қайдан аламыз? Елордада жәрмеңкелердің істеуіне рұқсат берілді. Ал Алматыда неге екені түсініксіз, жабық. Әкімдік неге бізді түсінгісі келмейді?

«Еңбек еш кетпесін» деген шаруалар шағымдануға Алматы әкімдігі алдына жиылды. Жәрмеңке қайта ашылмаса, әрқайсысы кемі миллион теңгелік табысынан қағылғалы отыр. Түсінбейтіндері, бас санитар дәрігердің рұқсатын неге қала әкімі мақұлдамайды?

Юлия Барсукова, шаруа:

- Қазір Сағынтаев пен Баталовқа өкпем қара қазандай. Қанша жерден жазғанмен, жауап бермейді, есігін жауып алып, бізбен байланысқа шықпайды. Бас санитар дәрігердің рұқсаты болғанмен, оны елеп отырған әкім жоқ.

Бақытжан Сағынтаевтың өзі базыналарын тыңдауға шыға ма деген үміттері ақталмады. Кәсіпкерлік және инвестиция бөлімінен келген өкіл жағдайдан хабардар екен. Бірақ, нақты қашан жәрмеңке ашылатынын ол дөп басып айта алмады.

Қарлығаш Әбдіжаппарова, Алматы қаласы әкімдігі кәсіпкерлік және инвестиция бөлімі басшысының орынбасары:

- Дайындық жүргізіп жатырмыз. Жәрмеңкені демалыс күндерден аптаның басқа күндеріне ауыстыру мәселесі де қарастырылады. Бәрін електен өткізген соң нақты шешім қабылданады.

Әкімдік жауабы шаруалардың ашуын баса алмады. Бірер күнде жағдай бір жақты болмаса, олар өнімін осы демалыс «әкімдік алдында жайып қойып сатамыз» деп тарқасты.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде