Көкбұлақта не интернет, не ұялы байланыс жоқ – Шымкент
Өркениеттен жұрдай қала. Еліміздің үшінші мегаполисіндегі мыңдаған тұрғыны бар тұтас бір елдімекенде не интернет, не ұялы телефон байланысы жоқ. Бірнеше жыл бұрын Ордабасы ауданынан Шымкентке қосылған Көкбұлақ ауылының тұрғындары оқу жылы басталатын тұста «оқушыларымыз онлайнсыз қалды» деп шырылдап жатыр.
Автор: Бек Әбиев
19.08.2020
Наурыз айынан басталған карантин кезінде жарты мыңға жуық оқушы мен 200-ге тарта студенті ғаламтордың жоқтығынан қиындық көрген ауылдықтар содан бері мәселені шешіп беруді өтінгенімен, нәтиже жоқ.
Көкбұлақты мегаполистің бір бөлігі деуге тілің бармайды. Себебі, жарығы жиі сөніп қалатын ауылда интернет пен ұялы телефон байланысы жоқ. Карантин кезінде бүкіл ел қашықтан оқығанда Көкбұлақтағы 500-ге жуық оқушы мен 200-ден астам студент сабағын әрең оқыпты. Енді сол жағдай тағы да қайталанайын деп тұр.
Мейрамкүл Насырова, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Онлайн болмаса, олар қалай білім алады? Біз интернет түгілі, сөйлесуіміз екіталай. Ұялы телефонмен сөйлесе де алмаймыз.
- Сөйлесу үшін қайда барасыздар?
- Жасым 60-қа келсе де, анау теміржолдың үстінде тұрып сөйлесем.
- Болмаса, қыр ма?
- Міне, мына келіндер анау Бадам өзенінен су кешіп, арғы қырдың төбесіне бала-шағасымен шығады.
Расында, мұндағы жұрт биік жер іздеп қыр-қырды кезсе, көпшілігі ауыл іргесіндегі темір жол бойын жағалауға мәжбүр. Өйткені байланыс тек шойын жолда ғана жөнді ұстайды. Бір ауыз сөйлесу үшін немесе видео мен аудионы жүктеу үшін пойыз жолда өмірін қатерге тігетін ел жыл басынан бері Шымкенттің бүкіл құзырлы орындарын жағалап шыққан. Сан мәрте жазылған хатқа уәде берілумен ғана келеді.
Ермек Сандыбаев, Шымкент қаласының тұрғыны:
- Егер халықты түсініп, болмайтын нәрсе – интернетті құрып бере алмаса, несіне мемлекетпіз? Халыққа не үміт, не қайыр? Біз тамақ сұрап жатқан жоқпыз, үй сұрап жатқан жоқпыз. Біз мына бала-шағаның болашағы, келешегі үшін интернетті құрып берсе, бізге басқа ештеңе де керегі жоқ.
Антенна бірнеше ауылға интернет таратуы тиіс. Бірақ ол Көкбұлақтан тым шалғай жатыр. Көкбұлақтың хәлі мүшкіл екенімен толық келісетін аудан билігі ел шағымын қалалық цифрландыру басқармасына бірнеше мәрте хатпен жеткізіпті. Әркез шешіп беруге уәде ететін басқарма «бұл жолы да ауызша уәдесін беріп кетті» деп отыр.
Әбілқайыр Оңғар, Абай ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы:
- Байланыс тарататын анненналар қойылады. Жалпы Көкбұлақ тұрғын алабы толығымен сапалы интернет көзіне қосылады.
- Қашан?
- 1 қыркүйек, оқу жылына дейін.
- Уәде ме?
Ол цифрландыру басқармасы қалалық әкімдіктің мамандарының бізге берген жауабы.
Бірақ биліктің «тез арада шешіп береміз» деген уәдесін жыл басынан бері естіп келе жатқан көкбұлақтықтар құрғақ сөзге сенбейді. Оның үстіне оқу жылының басталуына он күндей ғана уақыт қалғанымен, ауылда уәде етілген қосымша бірде-бір антенна орнатылмаған. Сондықтан интернеті мен байланысы жоқ мегаполистің тұрғындары сабақты үйде емес, қыр мен темір жол жағалап жүріп оқуына тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!