Ұсыныс: Бетперде тақпаған азаматтың айыппұлын 30 есеге азайту керек
Бетперде тақпағандар арқалайтын айыппұлдың көлемін 30 есеге азайту керек. Өйткені қазіргі айыппұл қара халықтың да, кәсіпкерлердің де қалтасына ауыр тиіп жатыр дейді Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
19.08.2020
Шыңғыс Темір, Бизнес-омбудсмен аппараты басшысының орынбасары:
- Айыппұлдар бекітілгеннен бастап кәсіпкерлер палатасы олардың көлемін азайтуды талап етіп келеді. Бетперде тақпай, талаптарды сақтамағаны үшін жеке тұлғаға салынатын айыппұл 80 мыңнан асып түссе, бизнес иелеріне 600 мың теңгеден жоғары. Бұл өте қымбат. Алайда біз санитарлық ережелердің елеусіз қалуын жақтамаймыз.
Қазақстан кәсіпкерлерінің құқықтарын қорғау жөніндегі уәкіл Рустам Жүрсіновтің айтуынша, айыппұл мөлшерін 83 340 теңгеден 2 778 теңгеге дейін азайту ұсынылыпты. Ал бизнес нысанының иесі барлық санитарлық талаптарды қаматамасыз еткен күннің өзінде келушілер немесе қызметкерлер бетперде тақпаса, айыппұл талапты орындамаған адамға ғана салынуы тиіс деп есептейді Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілі. Тиісті талап-арыздарын олар заңға енгізу үшін қыркүйекте Парламент қарауына ұсынбақшы. Бірақ, Әділет министрлігі мұны құп көріп отырған жоқ.
ҚР Әділет министрлігі:
- ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 425-бабында көзделген бетперде кию режимін бұзғаны үшін қолданыстағы айыппұл санкциялары өз күшінде, мемлекеттік органдар оның мөлшерін азайтуды талқылап жатқан жоқ.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!