Тоқаев шарасыз жұрттың әділдікке сенбейтінін мойындады – Жемқорлық
Қазақстанда қазына қаржысын қымқаратындардың азаятын түрі жоқ. Өткен жылға қарағанда биыл жемқорлықпен ұсталғандардың саны 11 пайызға өсіпті. Білім, денсаулық сақтау саласы, жер комитеті, салық және кеден органдары пара алудан алдына жан салмай тұр.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
19.08.2020
Бүгін ел президенті жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөнінде кеңес өткізіп, шенеуніктерге қатаң талаптар қойды. «Әр теңгені мақсатты жұмсау керек» деген Тоқаев тұрмыстық жемқорлықпен күресуге жол картасын әзірлеуді Үкіметке шегелеп тапсырды.
Мемлекет басшысы орталық мемлекеттік органдардың басшылары мен облыс әкімдерін тезге салып, бір сілкіп алды. Өйтпеске амал жоқ. Осы жылдың жеті айында елді жемқорлық дендеген. Ақша алып, оңай ақшаға кенелгісі келген 912 адам жауапқа тартылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 11 пайызға көп.
Күнде біреудің жемқорлық дауына іліккенін естіп ет үйренгенін Тоқаев та атап өтті. Облыс әкімдерінің ұсталуын қауіпті белгіге теңеген ол әр басшы өз қызметкерлерінің заңбұзушылығын жасырмауы керек деді. Енді Бас прокуратура мен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет жарты жыл сайын президентке жемқорлықты жоюға құлықсыз басшылар туралы ақпарат беріп отыруы тиіс.
Қасым-Жомарт Тоқаев, ҚР Президенті:
- Бұл тапсырмам жергілікті атқарушы органдарға да бағытталады. Жемқорлықпен белсенді күрес науқаншылыққа айналмауы керек. Бұл процестің жауапты, өз ісін білетін мемлекеттік қызметкерлердің қызметіне кедергісі тимеуі тиіс. Қазір менің тапсырмаммен қызметкерді тек сыбайласының айыптауына сүйене отырып жауапқа тарту мүмкіндігі алынып тасталды. Бұл нормалар құқық қорғау органдарындағы жүгенсіздікті тоқтатуға көмектеседі.
Қазақстандық кәсіпкерлер жер комитеті, Өртке қарсы қызмет, салық және кеден органдарынан қорлық көрсе, бұқара жоғары оқу орны, колледж, мектептердегі сыбайлас жемқорлыққа төтеп бере алмай жүр. Су шаруашылығы, жол сапасына қатысты әділетсіздік те баршылық. Қасым-Жомарт Тоқаев шарасыз күйге түскен жұрттың әділдікке сенбейтінін мойындады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Азаматтарымыз тұрмыстық сыбайлас жемқорлықпен бетпе-бет келіп отырған кезде, сіз бен біздің істеп жатқан жұмысымыздың еш тиімділігі болмайды. Ешқандай халықаралық рейтингтің де керегі болмай қалатыны түсінікті. Түрлі тарту-таралғы беру, сыйлық талап ету, диплом сатып алу келмеске кетуі керек. Бұл үшін қоғамда жемқорлықтан жаппай жиренуге қол жеткізуіміз қажет. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Үкіметпен бірлесіп, тұрмыстық жемқорлықпен күрес жөніндегі жол картасын әзірлеуі керек.
Ал денсаулық сақтау саласындағы жемқорлық бөлек әңгіме. Дәрі тапшылығы сезілген кезде ғана біздің шенеуніктер қазына қаржысын қымқырғандарды анықтағаны рас. Ондаған миллиардтардың бөлінгені тағы бар. Өткен аптада «СҚ Фармацияның» экс-басшысы Берік Шәріп ұсталған.
Төтенше жағдай кезіндегі қойылған блок-бекеттерде әкімдік қызметкерлерінің іс-әрекеті де Тоқаевты таңғалдырғандай. Ол барлық жерде осылай болған шығар деп күмәнданды. Президент олқылықтың орнын толтыру үшін қоғамдық бақылауды күшейту керек деп отыр.
Сергек» сияқты тәртіп бұзатындарды анықтайтын ақпараттық жүйе барлық жерде болса, елді жемқорлық жайламасыз сөзсіз. Себебі, «Сергек» жемқор жол сақшыларын бір сілкіндіріпті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!