Еліміздегі қызмет көрсету саласындағы кемшіліктер
Коронавирус сыртқы сауданың да сәнін кетірген. Тек соңғы алты айда Қазақстанның шетелдермен алыс-берісі 8-10 пайызға дейін құлдырап кетіпті. Жағдайдың әзір оңала қоюы екіталай. Мұны сауда министрлігі де мойындап отыр. Оған қоса көрсетілетін қызметке көңілі толмайтын қазақстандықтардың қатары айтарлықтай артқан. Мәселен, Сауда министрлігіне былтыр 6000 шағым түссе, биыл жарты жылдың өзінде осынша арыз жазылыпты. Әсіресе пандемияның кесірінен өтпей қалған той, концерттің қаржысын қайтаруды талап еткендер көп.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
20.08.2020
Биыл қазақстандықтардың, әсіресе қаржылық және медициналық қызмет түрінің сапасына мүлдем көңілі толмапты. Соған қатысты сауда министрлігіне жарты жылда 6 мың шағым түскен. Салыстыра кетсек, дәл осындай шағым көлемі өткен жылда тіркелген екен.
Пандемия кесірінен өтпей қалған концерттер мен тойларға қатысты қаржысын қайтаруды талап еткендер көп. Концертке 23, той-томалағы болмаған 50 адам ресми түрде ақшасын кері қайтаруды өтінген. Шетелдегі демалыстан қағылған қауым да билеттерін тапсырыпты.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Бұл шағымдар еліміздегі қызмет көрсету саласында толып жатқан кемшіліктерді көрсетіп берді. Қазақстанда 18 миллион тұтынушы бар, бұл 18 миллион адам тауарлар мен қызмет түрлерінің сапасын жіті қадағалап отырады. Заңнаманы өзгерте отырып, тұтынушылардың құқын қорғайтын халықтық жүйеге негіз қалыптастардық. Бүгінде шағымдарды қабылдаудың үш сатылы жүйесін енгізіп, жыл соңына дейін ортақ ақпараттық жүйені іске қосамыз.
Коронавирустың кесірінен жарты жылда Қазақстанның сыртқы сауда айналымы да төмендеген. Жарты жылдағы көрсеткіш 7,4 пайызға түсіпті. Еуроодақпен арадағы алыс-беріс тіпті 10 пайызға құлдыраған.
Бақыт Сұлтанов, ҚР Сауда және интеграция министрі:
- Қазақстан – үлкен ел, халық тығыздығы төмен. Қалалар бір-бірінен және сыртқы нарықтардан қашықта жатыр. Сондықтан бізде бәсекеге қабілетті өнімді құру ғана емес, оны нарыққа шығару, шетелге сату мәселесі тұр. Себебі, сатпас бұрын, тауарды алыс Еуропаға немесе Америкаға жеткіп алу керек. Осы орайда тек жекелеген салаларға қажетті өнімдерді өткізген ұтымды.
Министрдің айтуынша, еліміздің экспорттағы кемшін тұсы – осал логистикада. Сыртқы тауар айналымнан кірістің көлемін қалпына келтіруге мемлекет көрші елдердің нарығындағы қазақстандық үлесті қазіргіден арттыруға ынталы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!