Алматыда спорт академиясының талапкерлері әділетсіздікке тап болды
Жоғары балл жинаса да, грантқа түсе алмаған. Алматыдағы спорт және туризм академиясына тапсырған талапкерлердің ата-аналары әділдік талап етіп, оқу ордасының алдына жиналды. Олар спорттан жетістікке жетіп жүрген жастардың не үшін тегін оқуға түсе алмағанын түсіне алмай дал және бұл салаға мемлекеттік гранттың аз бөлінгеніне наразы.
Автор: Салтанат Шырынхан
20.08.2020
Оқу ордасының алдына жиылған жұртшылықтың мұң-қайғысы ортақ. Олар бір ай бұрын ғана спортқа бейім балаларының мемлекеттік грантты иеленетініне сенген. Алайда үміті ақталмады. Енді ата-аналар арман қуған балаларын қазіргі қиын-қыстау сәтте қалай оқытамыз деп алаңдаулы. Өйткені мұндағы оқу ақысы жылына 500-600 мың теңге.
Кәмшат Райымханова, Алматы қаласының тұрғыны:
- Бітірген кезде олар далада қалып отыр. Енді олардың сұрағы: Біз ары қарай қайда барамыз? Қандай мамандық таңдаймыз? Ал осы уақытқа дейін олар белгілі бір мақсатпен келді ғой, спортшы боламын, спорттан сабақ беремін деп. Мектепте болсын, ЖОО-да болсын, жұмыс жасаймын деген мақсатпен осы спорт түрімен айналысып келді.
Талабы таудай талапкердің бірі – Шыңғыс Серіков. Оның қазақша күреспен айналысып келе жатқанына бес жылдан асыпты. Сондай-ақ, Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалуына спорт еш кесірін тигізбеген екен. Сөйтіп жоғары балл жинаса да, тегін оқу бұйырмаған.
Шыңғыс Серіков, талапкер:
- Республикалық турнирлерде жеңіске жетіп жүлдегер атанып жүрмін. Спорт шеберінің кандидатпын. 110 балл жинап, бірақ түсе алмадым. Негізі спортшыларды, яғни жас спортшыларды қолдау керек деп ойлаймын. Көбірек мүмкіндік берсе екен.
Республика бойынша дене шынықтыру және спорт бағытына 350 ғана грант бөлінген. Ал беделді бұл оқу орнына 800-ге жуық түлек құжат тапсырыпты.
Қазақ спорт және туризм академиясы биыл 163 грант жеңіп алыпты. Алайда оларды қандай талапкерлердің иеленгені әзірге белгісіз. Олай дейтініміз, 2018 жылы заңға толықтыру енгізіліп, талап түбегейлі өзгерген. Екі жыл бұрын спорт саласына үлес қосып келген түлектерге басымдық берілсе, енді қарапайым жастар да осы оқу орнының грант иегері бола алады. Өйткені мұнда да тек жинаған балың жоғары болса жеткілікті.
Жинаған балл тең түсіп қалған жағдайда ғана жас спортшы тегін грантқа ие болады екен. Ал оқу орнының басшылары бұл мәселеге өздерінің қатысы жоқ екенін, дегенмен жастарға жеңілдік қарастыратынын айтады.
Мұхтар Есқалиев, Қазақ спорт және туризм академиясының проректоры:
- Біз құжаттарды қабылдаушы, ұйымдастырушы жоғары оқу орнымыз, яғни мамандар даярлайтын. Бір оқу жылы мысалы, 500 мың теңге болатын болса, 55 млн теңгеге дейін жасалған болатын былтырғы оқу жылына. Бүгін 100-ден аса жоғары жетістіктегі спортшылар жүрді. Оның бәріне бірдей жеңілдік жасау мүмкін емес. Әркімнің жағдайына қарай, нәтижесіне қарай, жетістігіне қарай қарастырады.
Басшылық үлкен жетістікке жетіп жүрген спортшыларға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға жеңілдіктер қарастырылуы мүмкін екенін айтады. Министрлікке де осы салаға грантты көбірек бөлу жөнінде хат жолдапты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!