Армениялық көліктерді тіркеу мерзімі ұзартылуы мүмкін
Армениядан әкелінген көліктерді тіркеу мерзімі ұзартылуы мүмкін. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігі Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Серік Түсіпов мәлімдеді.
Автор: Диас Нұрақын
21.08.2020
Алайда мұндай жеңілдік тек көлік құрылымын өзгерткен жүргізушілерге ғана берілуі ықтимал. Яғни, Қазақстанға кірген көптеген темір тұлпарлардың рөлі оң жақта орналасқан. Теріс тізгінді мұндай көліктер талап бойынша тіркеуге алынбайды. Сондықтан жүргізушілер жанталасып оң рульді сол жаққа ауыстырып жатыр екен. Ал Техникалық реттеу және метрология комитеті мұндай машиналарды тіркеуге рұқсат беріпті. Сондықтан көлік құрылымын өзгертемін деп жүріп, уақыт өкізіп алғандар 1-қыркүйекке дейін тіркеуге тұрып үлгермейміз деп өтініш айтқан. Осыны ескерген құзырлы органдар оларға қосымша уақыт беруді қарастырып жатыр.
Арменияда Қазақстан азаматтарына рәсімделген 22 мыңнан астам көлік бар екен. Соның тек тең жартысы ғана сары нөмір алып үлгеріпті.
Серік Түсіпов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:
- Армениядан әкелінген көліктерді 1-маусымда тіркеуге ала бастадық. Бүгінге дейін тіркеу талаптарына сай келетін 14 мың көліктің 11 мыңы тіркелді. Елімізде күніне шамамен 400-ге тарта жүргізуші көлігін заңдастырылып жатыр. Уақытша тіркеуге қойып, сары нөмір алу барынша жеңілдетілді. Қызмет ақысы шамамен 12 мың теңге көлемінде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!