Сақ бол: Кавасаки синдромын емдеудің жолы қандай?
Кавасаки синдромына шалдыққан балалардың саны да тағы өсті. Дәрігерлер коронавирустан құлан-таза айыққан жеткіншектерді де бақылауда ұстап, сақ болуға шақырады. Өйткені бұл сирек кездесетін дерт көбінесе СOVID-19 инфекциясымен ауырған бүлдіршіндерде асқынады екен. Денсаулық сақтау министрлігі «жағдай бақылауда» деп отыр.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
21.08.2020
Кавасаки синдромын емдеудің жолы қандай? Мамандардың пікірін тілшіміз тыңдап келді.
Балаларды мұрттай ұшыратын бұл ауруды соңғы уақытта жұрт жиі айта бастады. Қазақстан аталмыш дерт дендеп, бүлдіршіндерге жаппай жабысып жатыр деген қаңқу сөз де тарап кетті. Мұндай ақпаратты естігеннен кейін әр ата-ана бауыр еті – баласына алаңдайтыны анық. Алайда Денсаулық сақтау министрлігі жұртты жалған ақпаратқа сенбеуге шақырады.
Бағдат Қожахметов, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:
- Қазақстан бойынша наурыз айынан бері қарай 14 бала осы ауруға шалдығып отыр. Соның үшеуі ауруханадан шықты. Жастары 1-ден 21-ге дейін. «Балалар жаппай Кавасаки синдромына шалдығып жатыр» деген ақпарат – өтірік, жалған. СOVID-19 соның себепкері. Кавасаки синдромы өзінен-өзі болмайтын ауру.
Дәрігерлер Кавасаки синдромы көбінесе коронавирустан кейін асқынатынын айтады. Сондықтан қауіпті кеселден жазылып шыққанның өзінде балаларды бақылауда ұстап, санитарлық ережелерді ұдайы сақтап жүру керек екен. Мәселен, баланың дене қызуы түспей, аяқ-қолы бөртіп кетсе, бірден дәрігерге жүгінген жөн. Медицина мамандары аталмыш аурудың өзге де белгілерін атады.
Ләззат Манжуова, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы басшысының орынбасары:
- Улану симптомдары. Бала әлсіз болады. Ауырсынады. Бұлшық еті, сүйегі сырқырауы мүмкін. Жиы іші аурады. Аяқ-қолы ісіп, ентігу, жөтеледі. Ең қауіптісі, ауырып болғаннан кейін жүрек-қан тамырларына зақым келіп, әр түрлі ауру пайда болуы мүмкін.
Елімізде пандемия басталғалы 2 мың 357 бала коронавирустың құрығына ілігіпті. Бірақ буыны қатпаған бүлдіршіндер қауіпті кеселді жеңіл өткерді. Қанынан індет табылғанымен, көбінде ауру белгілері де болған жоқ.
Елімізде эпидемиологиялық ахуал тұрақтала бастағанада әлемдік мамандар бүлдіршіндерде коронавирус Кавасаки синдромына ұласатынын айтып дабыл қаққан. Денсаулық сақтау министрлігі «жағдай бақылауда» деп сендіріп отыр. Бірақ COVID-19 инфекциясы да бірден қарқын алмай, кейін кесел жабысқан жандар күрт көбейгенін ұмытпаған жөн. Сондықтан кез келген аурудың алдын алып, сақтық шараларына шындап кірісу керек.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!