Жаңа оқу жылы: Мектептердің онлайн білім беруге дайындығы
500 мыңдай оқушы биыл қашықтан оқымауы мүмкін. Өйткені еліміздегі алты облыс пен бір қаланың онлайн білім беруге дайындығы мүлдем нашар. Компьютерлер не оқушыға, не мұғалімге жетпейді. Араларында интернетсіз отырғандары тағы бар. Ата-аналар білім министрлігінің «1-қыркүйекке дейін қатырамыз» дегеніне сенбейді.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
21.08.2020
Онымен қоса, кезекші сыныптарға арналған санитарлық талаптар жығылғанға жұдырық болып отыр. Жаңа оқу жылына дайындық қалай?
Елімізде 3 миллион 300 мың оқушы болса, соның көпшілігінде қашықтан оқитын мүмкіндік жоқ. Компьютерлік жабдықтардың жетіспеушілігі 500 мыңға жуық баланы әбігерге салғалы тұр.
Әсіресе Батыс Қазақстан облысы өркениетсіз қалған өңірлердің көш басында. Жамбыл облысы мен Алматыны қосқанда 180 мыңдай оқушы қажетті техникасыз оқу жылын бастамақ. Ақтөбе, Ақмола және Түркістан облыстарында компьютер жетіспеушілігі аз пайыз көрсеткенімен, техникасыз отырған оқушылар баршылық.
Оралдық отбасындағы екі бала Айнара мен Арман мектепке дайындықсыз отыр. Аналары Анаргүл екінші мұғалім болудан қашқан емес. Алайда қашықтан оқу үшін жасалмаған жағдай қолбайлау. Компьютер сатып алып, интернетке қосуға қаражаты жоқ. Балалар әкесін екі жылдан бері көрмеген. Ал кафеде жалданып күніне алатыны 3 мың теңге.
Анаргүл Шаштығарина, Орал қаласының тұрғыны:
- Қызыма оқымайсың деп едім, ол маған «неге оқымаймын? Балалардың бәрі оқып жатыр ғой» деді. Жылады. «Компьютерің жоқ, ноутбугың жоқ, қалай оқисың» деп сұрадым. Күніне 3000 теңге табамын. 3000 теңгенің 2000 теңгесіне бірлік салам, 1000 теңгесіне тамақ аламын. Мектептен көмек жоқ, толық отбасысың деді. Жолдасым болғанымен, екі жылдан бері ішіп жүр.
Компьютерлер оқушыларға ғана емес, елдегі 24 мың ұстазға да жетпейді. Білім министрлігі шама-шарқынша кәсіпкерлерге өтініш білдіріп, аймақ басшыларымен бірге компьютерлік жабдықтар сатып алмақ. Техникамен қамтамасыз етуге мемлекеттік резервтен 75 миллиард бөлінген.
Шәкәрім Сейсенбай, Нұр-Сұлтан қаласындағы №54 мектеп-лицейдің директоры:
- Қазір мектебімізде 210 отбасы анықталды. Оларға бір компьютер және роутерларды таратып беріп жатырмыз. Бізге қалалық әкімдіктен компьютерлер мен роутерлер сатып алынып жатыр. Компьютерлер мен роутер, білесіздер, қымбат, оған көптеген мектептердің қаражаты жетпеуі мүмкін.
Қашықтан оқытудың проблемасы бір бөлек, 2020-2021 оқу жылына Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен жаңа ережелер саладағыларды әбден әбігерге салды. Енді санитарлық талаптарды қатаң сақтай отырып, бастауышта оқитындар мектеп формасынсыз кезекші сыныптарға барады. Бір сыныптағы оқушылар саны 15-тен аспауы тиіс. Мұғалімдерге кабинеттер арасында жүріп-тұруға, мұғалімдер бөлмесіне баруға, сыныптан тыс іс-шаралар мен ата-аналар жиналыстарын өткізуге тыйым салынады.
Өзгерістер мұнымен біткен жоқ. Жаңа оқу жылында кабинеттердің ішінде оқушылардың отырғызылуы да бұрынғыдай емес. Бір метрдей ара қашықтықпен бір партада бір баладан үнемі бетперде тағып отыруы тиіс. Әр класта сабақ аяқталған соң, әрдайым тазалық жұмыстары жүргізіледі – варцты электр шамдары қойылған.
Оқушылар мен ұстаздар сабақ арасында антисептикпен қолын шаюы керек. Бір қызығы, қоңырау сыныптарға әр түрлі уақытта соғылады. Ал мектеп асханалары мен буфеттер жұмыс істемейді. Тағы бір айтып өтерлігі, кезекші сынып оқушысынан коронавирус анықталса, оқушылар түгел оқшауланып, сынып қашықтан оқу жүйесіне көшеді.
Жаңа оқу жылының басталуына 10 күн қалды. Алайда биыл 1 қыркүйекте білім күні тойланбайды. Мектепке келген ата-аналар тіпті кабинет тұрмақ, оқу ордасының ауласына аттап баса алмайды. Кіреберіс жер қызыл жолақты белгімен боялған. Мұғалімдер дәл осы жерден оқушыларды қабылдап алады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!