Беларусь: Автомат асынған Александр
Автомат асынған Александр. Беларусь президенті Лукашенконың қарумен жүрген видеосы қазір қызу талқыланып жатыр. Онда мемлекет басшысы мен оның 15 жасар баласы оқ өтпейтін кеудеше мен қару асынып, арнайы жасаққа алғысын жаудырған. Беларусь оппозициясы мұны халыққа көрсетілген қоқан-лоққы деп қабылдады.
Автор: Асқарбек Қазанғап
24.08.2020
Ал Минск пен басқа қалалардағы бас көтеру әлі тоқтаған жоқ. Сайлаудан бері екі апта өткенмен, Лукашенконың орнынан кеткенін қалайтындар саны еселеп өсіп жатыр.
Беларусь тарихындағы ең үлкен митинг Минскіде өтті. Қала орталығы есеп бойынша жүз мыңдаған адамға толды. Жұрт Лукашенко тағында қалғанына қарсы. Ішкі істер министрлігі бұл жолы күштік құрылыммен ешқандай қақтығыс болмағанын жеткізді.
- Мен біздің елімізде болып жатқан әділетсіздікке, зорлық-зомбылыққа күйінемін.
Қарусыз халықтан биліктің қорыққаны соншалық, стратегиялық маңызы бар ғимараттар толық оқшауланған. Қарулы жасақ темір сымның ар жағынан ғана бақылап тұрды.
Лукашенко құдды соғыста жүргендей қолына автомат алды. Оқ өтпейтін кеудешені киюді де ұмытпаған. Тікұшақпен Минск төбесінен бір шолып өткен соң, резиденциясына оралып, сарбаздарға алғысын жеткізді.
- Жарайсыңдар! Рақмет! Біз оларды тәртіпке саламыз!
Лукашеноконың қасына ерген 15 жасар ұлы да автомат асынған. Әкелі-балалының әрекетін «қоқан-лоққы» деп қабылдаған оппозиция өкілдері, кәмелетке толмаған баланың қалайша қару алғанын да тексеруді талап етті.
Ал әзір екі жақ та берілер емес. Лукашенко: «Кет дегенге – кетпеймін» десе, наразы халық ол тағынан тайғанша, табандылық көрсетуге бел буған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!