«Столичный-2»: Елордада үлескерлер мен кооператив мәмілеге келе алмай жүр
Астанада тұрғын үй кешенінің үлескерлері мен кооперативі ортақ мәмілеге келе алмай жатыр. Құрылыс жұмыстары аяқталса да, кооперативке 240 мың теңгелік жарна төлемегендерге пәтер кілті берілмеген. Сол түсініксіз жарнаның өзін төлеп, енді болашақ көршілерінің де ақша төлеуін күтіп жүргендер де көп. Тиесілі пәтерін жылдар бойы күтіп шаршаған үлескерлер бүгін шу шығарды. Шым-шытырық мәселенің мән-жайын тілшіміз біліп келді.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
25.08.2020
Қолын оңды-солды сермеп сөйлеп тұрған кооператив төрайымы. Құрылысы 2017 жылы аяқталған көпқабатты үйдің құжаттарын рәсімдеуді «Феникс» кооперативі өз мойнына алыпты. Ал бұған дейінгісі ақша жымқырғаны үшін сотталып кеткен.
Айгүл Бекенова, үлескер:
- 2015 жылдың мамыр айында «Столичный-2» тұрғын үй кешеніндегі бір бөлмелі пәтердің 100 пайыз ақысын төлеп қойғанбыз. Еш қиындықсыз пәтерімізді аламыз ба деп жүргенде, құрылысты мойнына алған кооператив басшысы сотталып кетті. Ендігі кооператив басшылығы бізге түсініксіз жарна төлеңдер деп отыр. Ол жарнасыз пәтерімізді ала алмаймыз.
Ұлардай шулап, «түсініксіз жарна» деп отырғандары – әр үлескерден 240 мың теңгеден кооператив есепшотына құйылуы тиіс қаржы. Тұрғындардың үлесінсіз кооператив жұмысын бастай алмайды. «Оған қоса жарнаны талап етуге толық негізіміз бар» дейді қызмет көрсету ұйымының иелері.
Жанар Дүйсенова, Тұрғын үй құрылысы кооперативінің төрайымы:
- Біз бұл үйді соттап алғанда бірде-бір қағазы болмады. Қағазсыз ешқандай жұмыс жүрмейді. Ол қағазсыз жүргізілсе, заңсыз болып саналады. Бұл тұрғын үйді заңдастыру үшін қағаздарын істедік. Жобалау-сметалық құжаттама дейді, техникалық зерттеу, қаржылық аудит дейді, топографиялық түсірілім, геология, геодезия. Осы құжаттардың барлығын жасауға біз екі жыл бойы өз ақшамызды төледік.
Негізінде «Столичный-2» кешеннің құрылысын әуелгі мердігер ақша жымқырып, аяқсыз қалдырған соң, әкімдік 2 жарым миллиард қайтарымсыз қаржымен жөндеп бітірген. Енді 100 шақты үлескер қаққа бөлініп, ымыра таппай дал. Бірі кооперативке 240 мың теңге бір реттік жарна төлеп, пәтер кілтін алуды қаласа, екіншілері ол ақшаның нақты қайда жұмсалатынын білмейінше, «көк тиын аудармаймыз» деп отыр.
Үлескерлер мен тұрғын үй құрылысы кооперативі арасындағы соңғы нүктені өздері қоюы тиіс. Себебі, әкімдік қызмет көрсетуші мен тұтынушының арасындағы тікелей қарым-қатынас болғаннан кейін араласа алмайды. Ал тұрғын үй құрылысы кооперативі жалпы шығындар жайлы есепі алдағы жиыналыста береміз деп уәде етті. Алайда ол жиналыстың қашан өтетіні белгісіз. Соған қарағанда үлескерлермен арадағы дау, сот мұнымен бітпейтін секілді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!