{metadescription}
Ұлттық банк ұлттық қорға қол салған үкіметті ұнатпады
Ұлттық банк ұлттық қорға қол салған үкіметті ұнатпады

Ұлттық банк ұлттық қорға қол салған үкіметті ұнатпады

Ұлттық қор жақында тағы бір триллион теңгеге кемуі мүмкін. Осынша қаражатқа Үкімет елдің 2021-2025 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартпақ. Әсіресе шенеуніктер жұмыссыздық жайы шешіліп, макроэкономикалық тұрақтылық сақталады деп сенеді.

Ұлттық экономика министрлігі сценарийді дайындап қойған. Бірақ коронавирустық дағдарыстың кесірінен ұлттық қорға қол салған Үкіметтің бұл ісі Ұлттық банкке ұнап отырған жоқ. Алдағы үш жылда Ұлттық қордан бөлінетін қаржы қайда жұмсалады? Министрлер кабинетінің бүгінгі есебін тілшіміз тыңдады.

Алдағы жылдарда ақшаның құнсыздануы, тауарлар, жұмыс пен қызметтердің қымбаттауы әлі де байқалуы мүмкін. Ұлттық банк төрағасы инфляция деңгейі 4-6 пайыз дәлізінде болады деп болжайды. Сол себепті республикалық бюджет жобасы қайта қаралып жатыр. Осы құжаттағы Ұлттық қордан бөлінетін трансферт көлемінің едәуір артқаны еліміздің бас банкиріне ұнамай қалды.

Ұлттық банк ұлттық қордағы теңгені шаш етектен шашпай, үнемдеу керек деп дабыл қағуда. Жыл соңында ұлттық қорда 27 триллион 3 миллиард теңге қалады деген болжам бар. Ал келесі жылы 7 миллиард теңгеге азаяды. Ерболат Досаев болашақ ұрпақтың игіліне жұмсалатын қаражатты сақтап қалу үшін Үкіметтен шаралар қабылдауды сұрап отыр.

Ерболат Досаев, Ұлттық банк төрағасы:

- Болжам бойынша, 2023 жылдың соңына қарай Ұлттық қор қаражаты тең азаймайтын қалдығына ішкі жалпы өнімнің 30%-іне жақындап, ІЖӨ-нің 30,8%-ін құрайды. Осыған байланысты 2021 жылы контрциклдік бюджет ережесінің енгізілуін ескере отырып, Ұлттық қордың жинақтау функциясын сақтау және мұнай тапшылығын азайтуға шаралар қабылдау қажет болады.

Ұлттық қордағы қаржыны қызғыштай қорыған әріптесінің үнемдеу мәселесіне министр Дәленов дұрыс құлақ аспаған сыңайлы. Ұлттық экономикаға жауапты министр Қазақстанды дамытуға 1 триллион теңге қажет деп, Ұлттық қорға тағы қол салмақшы.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Кепілдендірілген трансфертті 2021 жылы  2,7 трлн. теңге, 2022 жылы  2,4 трлн. теңге және 2023 жылы 2,2 трлн теңге мөлшерінде айқындау ұсынылып отыр. Тиісінше, даму бағдарламаларын қаржыландыруды ұлғайтуға 2021 жылы Ұлттық қордан 1 трлн. теңге мөлшерінде нысаналы трансфертті тарту ұсынылады.

Коронавирус, коронавирустық дағдарыс министрлерге сценарий жазуды үйреткен екен. Цойдың жолымен Ұлттық экономика министрі де Үкімет отырысына экономиканы 2025 жылға дейін көтерудің үш сценарийін ұсынды. Үшеуінде қара алтынның құны үш түрлі: 25, 35, 45 АҚШ доллары көлемінде.

Мәселен, 2021 жылды сараласақ, Қазақстанның жалпы ішкі өнімі базалық сценариймен 2,8%, оптимистік сценариймен 3,5%, пессимистікпен 2%-ды құрайды екен. Ал 2025 жылы жалпы ішкі өнім 4,6%-ға жетеді деген болжам бар. Пессимистик көзқарастағы сценарийде макроэкономикалық көрсеткіш 3,4 пайызға жетеді. Дегенмен министрлер кабинетінің базалық сценарийге көңілі ауып отыр.

Руслан Дәленов, ҚР Ұлттық экономика министрі:

Консервативті тәсілді ескере отырып, бюджеттік жоспарлауға базалық сценарийді пайдалану ұсынылады. Номиналды жалпы ішкі өнім 2021 жылы 76,7 трлн. теңгені, ал 2025 жылы 104,8 трлн. теңгені құрайды. 2021 жылы мұнай өндіру 86,0 млн. тоннадан 2025 жылы 100,7 млн. тоннаға дейін өседі. Барлық базалық салаларда оң өсім күтіледі.

Шығын шықпай, кіріс кірмейді. 2025 жылға дейінгі бюджет жобасында әлеуметтік салаға басымдық берілген. 2021 жылы жәрдемақы, зейнетақы, мұғалімдер мен дәрігерлердің жалақысын көтеруге 7 трлн. теңге бөлу жоспарланған. Бұл 2020 жылмен салыстырғанда 454 млрд теңгеге көп. 

Ұлттық қордан алынатын кепілдендірілген трансферт туралы заң жобасы мен 2021 жылға арналған нысаналы трансферт бөлу туралы жарлық жобасын бүгін үкімет мүшелері бірауыздан мақұлдады. Министрлер кабинеті енді Мәжіліске қажетті құжат дайындап, заң жобасы мен жарлықты Төменгі палатаға енгізеді. Депутаттардың бұған не дерін алдағы уақытта білеміз.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде