«Алматы әуендері» концертін көруге шақырамыз
Ерекше үлгідегі онлайн-концерт. Алматыда өнер ұжымдары қауіпті індеттен қажыған көрермендердің көңілін көтеруге мерекелік кештер ұйымдастырып жатыр. Ең қызығы, әншілер эстрадалық-симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен жанды дауыста ән шырқағанымен, көрермендер оны тек ғаламтор арқылы тамашалай алады. «Өнерге ештеңе кедергі келтірмейді» деген өнер иелері өмірге икемделу қажеттігін айтады.
Автор: Мақсат Мәлік
26.08.2020
Сахнада дайындығын пысықтаған эстрадалық-симфониялық оркестр ұжымы бір сәтке тыным табатын емес. Бір қызығы, даңғарадай концерт залында өнер өкілдерінен өзге ешкім көрінбейді. Алайда көрерменнің қолпаштауы кем демесең, жанды дауыста әуелете шырқалған әндер легінде шек жоқ.
Бақтияр Тайлақбаев, «Алматы әуендері» КМҚК бас көркемдік жетекшісі:
- Өмірімізде бірінші рет осындай онлайн концерт ұйымдастырып жатырмыз. Көрермендерсіз. Осы бірінші концертіміз Конституцияның 25 жылдығына арналған. Көрермендерге ұнауы керек. Біз халықты сағындық, халық та бізді сағынған шығар. «Алматы әуендері» концертін көруге шақырамыз.
Қауіпті індет басталғалы киелі сахнаны сағынған әншілер онлайн-концерт арқылы көрермендердің көңілін көтермек. Себебі, ән-шашудың толық нұсқасын әркім ғаламтордан тамашалай алады. Ал сақтықты басты бағдар еткендер өнерге ештеңе кедергі келтірмейді дейді.
Бауыржан Мусин, Алматы қаласы әкімінің эстрадалық-симфониялық оркестрінің әншісі:
- Көрерменнің қошеметін естімесең, олардың ыстық ықыласын сезінбесең, әншіге қиын. Бірақ өмірге икемделуіміз қажет. Сондықтан да онлайн үлгідегі концерттер ақырындап тәжірибемізге еніп жатыр. Ең бастысы, ешкім ауырмаса екен деп тілеймін.
Алматылық өнер жұлдыздарының айтуынша, онлайн үлгідегі концерт мұнымен шектелмейді. Өйткені жақын күндері осы бағытта тағы екі бірдей мерекелік кеш ұйымдастыру көзделген.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!