Елімізде 900-ге жуық елдімекенде интернет жоқ
Қазақстандағы 900-ге жуық елдімекенде интернет жоқ. Заман игілігін әлі күнге сезіне алмай жүрген Қажымұқан ауылы ел астанасының іргесінде жатыр. Кең жолақты интернетті тарту шығынды болған соң, ұялы байланыс операторлары қыркүйекте бұл ауылды толығымен «4 G желісіне қосамыз» депті. Жаз аяқталып қалғанына қарамастан, ештеңе де тындырылмаған. Ал қыркүйекте делінген меже, енді қазан айына сырғыды. Ұл-қызының онлайн сабағына алаңдаған жұрттың базынасын тілшіміз тыңдап келді.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
26.08.2020
Қажымұқан ауылы Нұр-Сұлтан қаласының іргесінде жатыр. Соған қарамастан мұнда байланыстың жайы мұң. Ал қашықтан оқудың ғажабы мен азабы жайлы айтпаса да болады. Бұл шаңырақта қос немересін қарауына алған қария қазірден жаңа оқу жылына әзірленіп жатыр. Себебі, былтырғы соңғы тоқсанның онлайн қорлығы әлі ұмытылмапты.
Бақыт Ажданова, Қажымұқан ауылының тұрғыны:
- Бір жақ бұрышта, біздің терезе, онлайн ұстайды. Балаларды сол жерге апардық. Партасын, столын қойып бердік. Терезенің алдына отырып мұғаліммен байланыс жасадық. Терезенің алдында ыңғайлы емес. Дегенмен енді бірден осы жағдайда мәжбүр болдық.
Бұл елдімекендегі байланыстың жайы неге дұрысталмай жатқанын округ әкімінен білдік. Хал-ахуалдан хабардар шенеунік тиісті мекемелерге тапсырыс жасағанын айтты. Тіпті отандық ұялы байланыс операторы күз басында-ақ 4G-дің игілігі қолжетімді болады деп уәде берген екен.
Асқар Жақсыгелдинов, Талапкер ауылдық округінің әкімі:
- «Билайн» компаниясы қыркүйекке дейін базалық станциясын орнатамыз деп еді, әлі үлгере алмай жатыр. Әкімдік тарапы оларға қажетті жер телімін заң жүзінде бөліп қойған. Бұл компанияның тапсырысын орындайтын мердігерлер тек қазанға таман сымсыз интернетті қоса аламыз деп отыр. Күтуден басқа амал жоқ.
Бұған дейін Цифрлық даму министрі Асқар Жұмағалиев биыл Қазақстан халқының 99 пайызына кең жолақты интернет қолжетімді болатынын айтқан. Ал бүгінде 900-ге жуық ауылда интернет атымен жоқ екен.
Білім және цифрлық даму министрліктерінің ұйғарымымен, тұрғындарының саны 250-ден аспайтын елдімекендердің балалары сабақты мектепте оқитын болады. Ал тұрғындарының саны мыңдап есептелетін, бірақ интернеті нашар немесе мүлдем жоқ ауылдар осы жылдың соңына дейін қашықтан оқудың машақатына төзуі тиіс. Себебі, министрліктер жыл соңына дейін барлық ауылды интернетпен қамтимыз деп уәде етті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!