Тараздағы жауыннан жөнделіп жатқан үйлерді су басты
Тараздықтарды нөсер жауын титықтатты. Ертелі кеш тоқтаусыз жауған жаңбырдан бірнеше көпқабатты үй тұрғындары әуреге түсті. Күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан ғимараттардың шатырынан аққан су бірінші қабатқа бір-ақ жеткен. Соның салдарынан дүние-мүлік тегіс малмандай су болып, жаңа жасалған жөндеу жұмыстары да жарамсыз болып қалған. Жауында қалған жұрттың жайын тілшіміз айтып берсін.
Автор: Руслан Әбдіхалық
26.08.2020
Таңнан тамшылай бастаған жауын артынан кешке дейін тоқтаусыз төкті. Төпелеген жаңбыр әсіресе күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан көп қабатты үй тұрғындарын титықтатты. Себебі, бұл ғимараттардың ескі шатырлары алынып тасталған. Ал жаңасын салып үлгермеді. Төбеден сорғалаған су бөлмелерді бассейнге айналдырған.
- Сағат жетіден бері тоқтаусыз жауын жауды. Көріп отырған жағдайымыз осы, ешкім келіп жағдайды да сұрамады. Шатырды тесіп тастаған. Ешкім көмек беріп жатқан жоқ.
Әр пәтерде осылай су тамшылап тұр. Тұрғындардың сөзінше, көбі жуырда ғана жөндеу жүргізген екен. «Енді бәрі түкке жарамсыз», - дейді. Жиһаздарын да су басқан. Осылайша бір күнде қыруар шығынға батты. Ал оны кім өтейтіні әзірге белгісіз.
Клара Төлешова, Тараз қаласының тұрғыны:
- Қараңыз, мына жақтан ағып жатыр. Жатын бөлме де су. Не істейміз? Өзім бронхитпін, бұл жағдайдан кейін қалай боларын білмедім. Мына жақтың бәрі құлап жатыр.
Қаладағы бірнеше үйде осындай жағдай. Әкімдік амалын тапқансып, шатыр орнына целафан жапқызып жатыр. Бірақ ол жауынға тосқауыл бола алмады.
Аида Сартбекова, Тараз қаласының тұрғыны:
- Мынаның бәрі кетті. Эмульсиямен аппақ қылғанбыз, быт-шыт болды. Мына жақта кішкентай балам ұйықтайды. Ылғал басты. Көріп отсыздар, азаннан бері 20-25 рет сүрттім. Айтпақшы, теледидардың кабельінен баламды тоқ ұрды.
Бұл жағдайға кім кінәлі деген сауалға шенділер «табиғаттың тосын мінезі» деп жауап қатты. Расымен солай шығар. Бірақ ендігі мәселе келтірілген шығында. Ал атқамінерлер тұрғындарға сары уайымға салынбауға кеңес береді. Себебі, жауыннан бүлінген дүние-мүліктің өтеуі «мердігердің мойнында» дейді.
Асхат Есенәлиев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:
- Тұрғындардан өтініш түсіп жатыр. Бес қабаттағы тұрғындардың кейбірінің үйінен су аққан. Ол бойынша мердігерлермен келісім бар. Келісім-шартта да көрсетілген. Сол мердігердің есебінен қалпына келтірілетін болады.
Бір күндік жауынның өзі елді әурелеп, шенеуніктерді де шатырға шығуға мәжбүр етті. Бұқараның қаншасы шығынға батып, қаншасының жүйкесі жұқарды. Ал синоптиктер ертең тағы нөсер болады деп болжайды. Соған қарағанда, қуырдақтың көкесі әлі алда сияқты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!