Түркістан облысында жолаушылар автобусы аударылды
Түркістан облысында жолаушылар автобусы аударылып, 25 адам жарақат алды. Арасында балалар да бар. Алматыдан Сарыағашқа бет алған қоғамдық көліктің апатқа ұшырауына нақты не себеп екені әлі анықталып жатыр. Жауап алатын жүргізушінің өзі қазір жансақтау бөлімінде.
Автор: Бек Әбиев
26.08.2020
Жол апаты таңғы сағат алты шамасында халықаралық Алматы-Ташкент тасжолында болған. Шымкенттен шамамен 40 шақырым жер қалған кезде көлік жүргізушісінің көзі ілініп кетті ме, автобус оңға қарай алып, ақыры ойға қарай аударылып кеткен. Автобус ішінде 21 адам болған.
Таңғы уақытта полицейлер мен құтқарушылдардың түсірген видеосы. Астан-кестеңі шыққан автобустан өздігімен шыға алатыны шығып, қалғанын тәртіп сақшылары құтқарып жатыр. Жараланғандарды толық шығарып алған соң, төңкеріліп қалған автобусты жабылып жүріп жол шетіне қайта шығарып қойды.
Қытай зауытынан шыққан автобустың қазіргі хәлі мынау. Ішінде орындықтардың орнына жатын орындар қойылған. Салон ішінде шашылған заттар. Қан іздеріне қарап, жолаушылардың көпшілігі оңбай жараланғанын түсінуге болады. Дәрігерлер полиция хабарлағандай 21 емес, «25 адам ауруханаға келіп түсті» дейді. Арасында жүкті келіншек пен 7 бала бар. Зардап шеккендердің көпшілігі жақын жердегі Сайрам аудандық ауруханасына жеткізіліп, қалғаны Шымкенттегі ауруханаларға жөнелтілді.
Төлеген Құралбаев, Сайрам аудандық орталық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
- Сегіз науқастың үшеуі жансақтау бөлімінде жатыр. Оның ішінде жүргізуші бар. Жағдайы ауыр. Ауыр жарақат алған. Миы шайқалған, дене жарақаттары. Басқаларында да сондай ауыр жарақат алып, бүгінде жансақтау бөлімінде жатыр. Ем тағайындалды, бәрі дәрігерлердің қарауында.
Полиция жол апаты бойынша қылмыстық іс қозғап, тергеу жұмыстарын бастаған. Көлік апатына жауын-шашын себеп болуы мүмкін дейді. Ал, карантин кезіндегі тыйымға қарамай жолаушы тасымалдағанды тәртіп сақшылары өздерінше түсіндіреді. Яғни, бұл автобус Алматы қаласынан күрделі жөндеуден өтіп, Сарыағашқа қарай бет алған көрінеді. Ал, жолаушыларды әдейілеп емес, жолай ала салыпты-мыс.
Салтанат Қаракөзова, Түркістан облыстық ПД баспасөз хатшысы:
- Алматы қаласынан Сарыағаш қаласына бара жатқан жолда осындай жол-көлік оқиғасы орын алған. Ал, мына автобустың ішіндегі жолаушылар ол жол-жөнекей мінген азаматтар. Олардың көбісі Алматы облысы, Алматы қаласының, Шымкент қаласының және Түркістан облысының тұрғындары.
Егер автобус жүргізушісінің ережені қасақана бұзып, жолаушыларды әдейі жиғаны дәлелденсе қосымша әкімшілік іс қозғалмақ. Бірақ, ол үшін ауруханада жатқан жүргізушіден бөлек апаттан есеңгіреп қалған жолаушылар есін жинауы керек. Әзірге, автобус жолаушылардың қалып кеткен заттарымен бірге жол бойында әлі тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!