{metadescription}
«Бала дауысы»: Аяужанның бесінші жылы бағы жанды   
«Бала дауысы»: Аяужанның бесінші жылы бағы жанды   

«Бала дауысы»: Аяужанның бесінші жылы бағы жанды   

«Бала дауысы» байқауының жеңімпазын анықтауға аз уақыт қалды. Еліміздің барлық аймағынан 4 мыңнан аса үміткердің ішінен оза шапқан 20 қатысушы енді финалдық кезеңде ән шырқайды. Теңдесіз жоба биыл көрерменсіз, онлайн форматта өтіп жатыр. Ал жеңімпазды әдеттегідей үлкен сыйлық күтіп тұр. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан гран-при иегері Дубайдағы Диснейлендке жолдама алып, «Шабыт» өнер академиясында тегін оқиды.   

Бұл жеткіншектер өнер додасының онлайн іріктеу кезеңінен сүрінбей өткендер. «Бала дауысы» музыкалық жобасының ұйымдастырушылары жұлдызды үйге жинады. Еліміздің түкпір-түкпірінен дауысы ең керемет деп танылған қатысушылар жетекшілерімен танысып, финал алдындағы дайындықтарын бастап кетті.

Толғанай Қасен, Ұлттық «Бала дауысы» балалар ән байқауының ұйымдастырушысы:

- Бұған дейінгі жұлдызды үйде бір ай жататын балалар дайындығын өткізіп, вокалдан, бүкіл әндерді шумақтарымен талдайтынбыз. Ал биыл уақыт қысқартылды, дайындықты да қысқарттық. Концертіміз бұрынғыдай жоғарғы деңгейде өтетініне сенімдіміз. Ерекше қойылыммен, ерекше әндерімізбен телекөрермендерімізді таң қалдыратын боламыз.

Республика сарайында ән шырқау көптеген жас өнерпаздың арманы. Мұндай мүмкіндік «Бала дауысының» финалистеріне бұйырып отыр. Көмейіне бұлбұл ұялаған қатысушының бірі – Шығыс Қазақстан облысынан келген Аяужан. Ол байқаудың іріктеуіне бұрын да қатысып, бірақ өте алмай қалыпты.

Аяужан Асылбек, қатысушы:

- 2016 жылдан бастап қатыстым. Екінші турға дейін жеттім. Ары қарай өте алмадым. Енді, міне, осы жылы бағым жанып, 5-маусымда  өттім, финалист атандым. Өз-өзіме сене алмадым. Қуанышым қойныма сыймайды. 

Қатысушылар небәрі 8, 12 жаста болғанымен, оларға жүктелген жауапкершілік үлкен. Өйткені әрқайсысы бір-бір өңірдің атынан келіп отыр.

Айдар Аққұлов, қатысушы:

- Мен «Бала дауысына» екі ән жібердім. Украинша және қазақша. Украиншасы «Я люблю только тебя» және қазақшасы «Дудар-ай». «Бала дауысына» өту менің кішкентай кезімнен арманым болды.

Жеңімпаз 15-17 қазан күндері Республика сарайында өтетін финалдық бәсекеде анықталмақ. Ақтық сынның алғашқы күнінде балалар авторлық әнін шырқап, келесі күні жетекшілерімен бірге музыкалық спектакльде өнер көрсетеді. Жобаны Мәдениет және спорт министрлігі, Тұңғыш Президент қоры және Әлия Назарбаеваның «Жандану әлемі» қоры ұйымдастырып отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде