Ақтөбеде берешегі бар мыңдаған тұрғын жылусыз қалуы мүмкін
Ақтөбеде мыңдаған тұрғын жылусыз қалуы мүмкін. Коммуналдық мекеме қарызын өтемеген тұтынушыларды «жылудан ажыратамыз» деп отыр. Қазірдің өзінде 200 ақтөбелікті берешегіне байланысты сотқа беріп қойыпты.
Автор: Жаңалық Ахаш
27.08.2020
Коммуналшылар қазір жылу мен суға қарыз тұрғындардың пәтерін аралап, жеке-жеке ескертіп жүр. Сонымен қатар бұрынғыдай емес, олардың жұмыс орындарына қатысты мәлімет жинауға кіріскен. Өйткені қарызы бар тұтынушылардың көбі карантинді желеу ететін көрінеді. Ал тексеру кезінде олардың жұмыссыз отырмағаны анықталған. Елде індетке байланысты төтенше жағдай жарияланғанға дейін ақтөбеліктердің жылуға қарызы 100 миллион теңгеден асқан. «Карантин кезінде жиналған алашағымызды әлі есептемедік» - дейді комуналшылар.
Айгүл Еркетаева, Aktobe Su-Energy Group АҚ заңгері:
- Қазір нотариусқа жолданып жатқан құжаттар, берешек қарыздың бәрі карантинге дейінгі қарыздары. Карантиндегі қарыз әзірге берілген жоқ. Қыркүйек айынан бастап сол қарыздарды да нотариусқа жолдаймыз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!