Елу жыл ауыз судың азабын көрген тараздықтар әкімді қонаққа шақырды
«Шәй ішіп кетсең қайтеді?» Таразда ауыз судың азабын көрген тұрғындар облыс пен қала әкімін үйден шай ішуге шақырды. Наразы жұрт: «Шенділер құрты мен құмы аралас, әрі нәжіс исі татитын судың дәмін көрсін», - дейді. «Бәлкім, тек сол кезде ғана көптің базынасына көңіл бөліне ме» деген сенімде. Атқамінерлер тіршілік нәрінен тарыққандарға қонаққа келе ме?
Автор: Руслан Әбдіхалық
27.08.2020
Ел аузында «Толчок » атанған аумақ. Мұнда ұзын-ырғасы 100-ге жуық түтін бар. Жұрт 50 жылдан бері ауыз судың зардабын көріп келеміз дейді. Өздері баспа құдықтан тіршілік нәрін тұтынуға мәжбүр. Бірақ ондағы су лас көрінеді.
Майқы Кеншімов, Тараз қаласының тұрғыны:
- Шелекпен азанда су алып қойсаңыз, түбінде бір елідей қақ тұрады. Ішінде ине жіптің жіңішкелігіндей құрт жүреді. Сенбесеңіз, мына кісілерден сұраңыз.
Тұрғындар құрты мен құмы әрі жағымсыз иісі бар судан «айықпас дертке шалдығып жатырмыз» дейді. Адам ағзасының зақымдануы бекер емес көрінеді. Себебі, дәл осы аумақтан тас лақтырым жерде бұрын қаланың кәріз суы төгілетін торап болған екен. Ал құдықтан су алғанда «нәжістің дәмі де білінеді» дейді. Бірақ бұқара амалсыз оны ішуге мәжбүр. Бұл өзекті жайды шенеуніктерге талай айтыпты. Бірақ біреуінен тұшымды жауап болмаған.
Жанбайбек Түгелов, Тараз қаласының тұрғыны:
- Президентке жаздық, өзгеріс жоқ. Премьерге жаздық, өзгеріс жоқ. Облыстың қала әкіміне жаздық, қозғалыс жоқ.
Тұрғындар ел ішінде елеусіз қалғанына наразы. Жазылған арыз-шағым ескерілмей, әрі жағдайды біле тұра, шенеуніктердің ат ізін салмауы «барып тұрған сорақылық» дейді. Бұқара келуге құлқы жоқ шенділерді, жұмыс бабымен болмаса да, қонаққа шақырады. Мүмкін нәжіс иісі шығатын шәйдің дәмін көргенде жағдайдың өзекті екені санаға жетер деген сенімде.
Майқы Кеншімов, Тараз қаласының тұрғыны:
- Өтірік болса, әкімдіктен әкеліңіздер, шәй берейік. Қазақта шәй беру деген бар ғой. Алып келіңіздер, шәй ішіп көрсін.
Атқамінерлер шәйға келе ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Белгілісі, олардың бұл жайдан хабары бар болып шықты. Бірақ шенеуніктердің берген жауабы көңіл көншітпеді.
Асхат Есенәлиев, Тараз қаласы әкімінің орынбасары:
- Бүгінгі таңға жобалық сметалық құжаты дайын.2,5 шақырым қашықтықты құрайды. Қажетті қаражат 26 миллион болады. Оны кезең-кезеңімен жасайтын боламыз.
Нақты қай жылы, қай айда ауыз су берілетіні айтылмады. «Бәрі ақшаның бөлінуіне байланысты» - дейді шенеунік. Соған қарағанда тұрғындардың 50 жылдық арманы әлі орындалмайтын тәрізді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!