Жаңа оқу жылы. Өзгерістер. Өтемақы
Мұғалімдер жұмыста жүріп коронавирус жұқтырса, өтемақы төленбейді. Дегенмен еліміздің бас ұстазы әріптестерін ауыртпау мақсатымен талап, ережелерді бекітіп берген. Жаңа оқу жылында оқушылар екі түрлі форматта оқиды. Бала саны аз елдімекендерде сабақ дәстүрлі өтсе, қашықтан білім алатындар телефон немесе компьютерге телмірмек. Бір қызығы, карантин кезінде онлайн оқитындардан үй жұмысы талап етілмейді. Сынақтардың да саны қысқарған.
Автор: Гүлбағда Қайратқызы
27.08.2020
Биыл көптеген оқушы, ұстаздарға алғаш рет оқу жылы қызық басталғалы тұр. Білім күні тойланбайды, алғашқы қоңыраудың сылдырын балалар компьютер, не ұялы телефоннан естиді. Білім министрлігі пандемияға байланысты мектептердің басым бөлігін қашықтан оқу форматына өткізді. Ал шалғайдағы ауыл оқушылары бұрынғыша оқу ордасына барып оқиды.
Қазақстанда оқушы саны аз 2652 мектеп болса, сондағы 1-11 сыныпта оқитын оқушылар партасына қайта оралады. Індетке дейін де қатынап, не интернатта жатып білім алатындардың проблемасы әлі сол күйі өзекті. Интернет кейбірінде жоқ, бар болса да, нашар, сабақ беретін маман тапшы. «Аспаннан салбырап түспеген» білім министрі оны мойындап отыр.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Жасыратыны жоқ, аяғымыз аспаннан салбырап түскен жоқ, бәріміз қандай мәселе бар екенін білеміз. Шағын жинақты мектептердің көбінде барлық маман жеткілікті деп айта алмаймыз. Маман тапшы. Тиісті лабораториялар, тиісті жағдайлар әртүрлі деңгейде, өкінішке қарай.
202 мыңдай ауыл баласының дәстүрлі форматта оқуына Асхат Аймағамбетов интернеттің жоқтығынан емес, эпидахуал жақсы болған соң рұқсат беріпті. Ал кеселдің кесірінен қалған 2 миллион 600 мың оқушы қашықтан оқуға мәжбүр. 530 мыңдай 1-4 сыныптарда оқитындар кезекші сыныпта білім алады. Бұл сыныптарда вирус анықталса, мектеп жабылады.
Айжан Есмағамбетова, ҚР Бас санитар дәрігері:
- Егер сыныпта бір оқушыдан коронавирустық инфекция анықталса, мамандармен эпидемиологиялық тексеріс өткізіледі. Сол сыныптың оқушылары, сабақ беретін мұғалімдер бір инкубациялық кезеңде тығыз қарым-қатынаста болғандар оқшауланады. Егер ауру бірнеше сыныпта немесе әр сыныптарға сабақ берген мұғалімдерде анықталса, аурудың одан әрі таралуын болдырмау мақсатында мектеп толық жабылуы мүмкін.
Министрлік мектепті жаппас үшін оқу ордаларының басшылығы санитарлық талаптардың сақталуын көптеп ескертіп жатыр. Ал ережені елемегендер айыппұлмен жазаланады. Жауапқа тартуды білетін шенеуніктер ұстаздар COVID-пен ауырса, өтемақы беруге құлықты емес. Кейбір мұғалімдерді мектепке кіргізбейді.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- 65 жастан асқан, қант диабетімен ауырса, жүкті болса, басқа да аурулары бар болса, онда әріптестеріміз осындай режімде жұмыс істеуге жіберілмеуі керек. Бұл мәселені мектеп басшылығы қадағалайтын болады. Бұның бәрі жазылып, шегелеп дегендей, жеткізілді.
Дегенмен кезекші сыныпқа сабақ беретін мұғалім қашықтан оқытса, қосымша жүктемесі үшін ақысын ала алады. Сенбі күні оқыту қажет болып жатса, жұмысқа шығады. Кезекші сыныптарға сабақ ұзақтығы 40 минут. Бір сыныпта 15 баладан аспауы тиіс. Асхана жұмыс істемейді. Қоңырау әр сыныпқа әр түрлі уақытта соғылады.
Коронавирустың жаңа оқу жылына қатысты енгізген өзгерістері мұнымен шектелмейді. Мектеп формасы талап етілмейді, қашықтан оқитындардан үй тапсырмасы сұралмайды. Бұған дейін 3-4 рет тапсырылып келген бөлім және тоқсан сайынғы сынақтардың саны қысқарды. Әрқайсысын бір-бірден тапсырады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!