Нұршашқан тұрғындары екі жыл бойы нәжіс иісіне тұншығып отыр
«Жағымсыз иістен жалықтық». Алматыда бүтін бір ықшамаудан тұрғындары нәжіс иісінен тынысымыз тарылды деп шу шығарды. Өйткені дәл тұрғын үйлердің маңында орналасқан кәріз құдығына күніне ондаған көлік лас су төгіп кетеді екен. Алайда, «ассенизаторлардан ақша алып отырған кәсіпкер тазалыққа бас қатырмайды» дейді жиналғандар. Сондықтан шайынды су құятын жердің жабылуын талап етуде. Тұрғындардың жан-айқайын тілшіміз көріп келді.
Автор: Диас Нұрақын
28.08.2020
Тұрғындардың тынысын тарылтқан кәріз құдығы дәл Нұршашқан ықшам ауданының маңында орналасқан. Бұл жерге күніне ондаған ассенизатор келіп нәжіс аралас лас суды төгіп кетеді екен. Кәріз құдығын кәсіпке айналдырғандар әр көліктен 500, 1000 теңге көлемінде ақы алады. Алайда тазалыққа бас қатырып отырған ешкім жоқ. Айналаның бәріне нәжіс суы жайылған. Ал ащы иіс аңқаңды қауып, танауыңды теседі. Осындай қорлыққа екі жыл шыдап келген тұрғындар қалдық су төгетін құдықтың жабылуын талап етуде.
Зарина Илакова, Алматы тұрғыны:
- Бұл кәріз құдығы тәулік бойы жұмыс істейді. Ешқандай тазалық талабы сақталмаған. Дәл тұрғын үйлердің маңында орналасқан. Екі жылдан бері сасық иіске тұншығып отырмыз. Бұрын мұнда бір ғана құдық болатын. Оны әкімдік келіп жауып кеткен. Енді тағы ашып алды. Талғар ауданы мен Алматы маңындағы үйлердің нәжіс суы осында төгіліп жатыр.
Түсіру тобын көргенде нәжістен нәпақасын тапқандар тым-тырақай қаша жөнелді. Тіпті тынымсыз сабылып жататын ассенизаторлар да бұл маңға жоламауға тырысты. Соған қарамастан тұрғындар жергілкті әкімдік пен табиғатты қорғау полициясына шағымданған. Қазір құзырлы орындар лас су төгетін жердің заңды немесе заңсыз жұмыс істегенін тексеріп жатыр.
Абзал Мұсабай, Бесағаш ауылдық округі әкімдігінің бас маманы:
- 26-тамызда Түрксіб ауданының тұрғындарынан шағым түсті. Талғар аудандық табиғатты қорғау полициясы және жергілікті әкімдіктен шығып тексеру жұмыстарын жасадық. Басшыларын шақыртып, құжаттарын сұрадық. Басшылар келді, құжаттарды бізге берді. Оны тіркеп, табиғатты қорғау полициясы Алматы облыстық экология департаментіне жібереді.
Тексеріс шамамен 15 күндей уақыт алады. Демек, тұншыққан тұрғындардың әлі екі апта танауын басып жүруіне тура келеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!