Айласын асырмақ болған екі полицейдің масқарасы шықты
Кәсіпкерді қақпанына түсірмек болған екі полицейдің масқарасы шықты. Қаңғыбаспен алдын ала ақылдасып алған тәртіп сақшылары «рұқсат етілмеген уақытта арақ саттың» деп, дүкен сатушысына айыппұл арқалатпақ болыпты. Алайда айласын асырмақ түгілі, басы бәлеге қалды. Қулық жасап тұрған жерінен бейнебақылау камерасына түсіп қалған полиция қызметкерлерін енді Ішкі істер министрлігі іздестіріп жатыр.
Автор: Аруна Ортай
28.08.2020
- Осындайдың керегі не?! Арамзалық, масқара ғой! Егер менде камера болмаса, айыппұл салып кететін еді. Сотта да оны дәлелдей алмайсың. Бұлар сөйтеді де, хаттама толтырып, маған айыппұл салып кететін еді. Біздің не жазығымыз бар? Бала-шағамызды асырап отырмыз.
Таспада көрініп тұрғандай, автотұраққа тоқтаған көліктердің бірінен қолында сөмкесі бар қаңғыбас еркек түседі. Содан дүкенге кіріп арақ сұрайды. Алайда әлі таңғы уақыт болғандықтан, сатушы оған арақ сатпайды. Біраз тұрған соң, маскүнем далаға шығып кетеді. Осы уақытта қаңғыбас түскен көліктен екі полицей де шығады. Бірі тоқтап, қаңғыбаспен сөйлесіп тұрады. Ал екіншісі айналып барып, бірден дүкенге кіреді. Артынша қалған екеуі кіреді. Кәсіпкердің айтуынша, бірінші кірген полицей бірден «рұқсат етілмеген уақытта арақ саттың» деп, дүкен иесін қыспаққа ала бастапты. Сөмкесінде жатқан арақты көрсетіп, маскүнем де сақшының сөзін растайды. Алайда дүкен ішінде де камера орнатқан кәсіпкер өзінің арақ сатпағанын көрсетіп құтылады. Айласы аспай қалғанына көзі жеткен екеу маскүнемді ертіп, қайтадан бір көлікке мініп кетеді. Бұл жағдай үш күн бұрын болған екен. Кәсіпкерді қақпанға түсірмек болып масқарасы шыққан қызметкерлерінің кім екенін Ішкі істер министрлігіндегілер анықтап жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!