{metadescription}
Бесағашта су құбырын тарту үшін ағаштарды аяусыз отап жатыр
Бесағашта су құбырын тарту үшін ағаштарды аяусыз отап жатыр

Бесағашта су құбырын тарту үшін ағаштарды аяусыз отап жатыр

«Құбыр тарту өмірімізге қауіпті». Алматы іргесіндегі Бесағаш ауылының тұрғындары су құбырын жүргізіп жатқан көрші елдімекен жұртымен қырық пышақ болды. Таулы аймақта тұратын тұрғындар коммуналдық мекеменің жұмысшылары жерді оңды-солды қазып, селге қалқан болатын ағаштарды түгел отап жатқанына наразы.

Алайда өз қаражатына су тартқызып жатқан коттеджді қалашықтың тұрғындары «жұмысты тоқтатуға жол бермейміз» деп отыр. Төбелесе жаздаған тараптарды тілшіміз тыңдап қайтты

Бесағаш ауылының жоғарғы бөлігінде тұратын тұрғындар базынасын бүкпесіз айтуға түгел жиналды. Қараша көрші коттедж қалашығы дәл іргелерінен су құбырын жүргізіп жатқанына қапалы. Жұмысшылардың селге қалқан болатын ағаштарды отап, жерді оңды-солды қазуы жұрттың әбден жүйкесін жұқартқан.

Гүлнар Кебекбаева, Бесағаш ауылының тұрғыны:

- Мына жерде бұрын арық болған. Ол арықты қазір қозғады. Арықтың суы енді төмен қарай ағып, барлығын су алып кетіп қалуы мүмкін. Ағаштарды қырқып тастады. Тауды бір нәрсе ұстап тұру керек қой. Ұстамаса, тасқын кетіп қалуы мүмкін. Тасқын болса, үйлер кетеді. Қаншама халыққа зиян келеді.

Ең қызығы, жиналғандардың өзі де судан тарығып жүр. «Назардан тыс қалдық» деген наразы топ құрылыс жұмысын бастағандар «бұқараның пікірін ескермеді» деп күйінеді.

Су құбырын тарту жұмыстары бір апта бұрын басталыпты. Алайда тасқыннан қауіптенген тұрғындардың қарсылығынан кейін қазір қыз-қыз қайнаған жұмыс тоқтап тұр. Таулы аймақта тұратын Бесағаш аулының жұрты коммуналдық мекеме құбырды жүргізбес бұрын тиісті органдардан рұқсат алып, қорғанысты күшейту керек дейді.

Ринат Мұралинов, Бесағаш ауылының тұрғыны:

- Біздің үйлер саз төбенің бойында орналасқан. Өте қауіпті жерде тұрмыз. Жаңбыр жауса, сел жүру қаупі одан сайын жоғарлайды. Дәл іргемізден құбыр тарту ақылға қонымсыз әрі заңсыз. Бұл жерде техникалық талаптар орындалмаған. Арнайы жоба да әзірленбеген. Ешқандай рұқсат қағаздары да жоқ.   

Көп ұзамай үлкен дауға себеп болған «Бурабай» коттедж қалашығының тұрғындары да келді. Өз қаражатына құбыр жүргізіп жатқандардың бой көрсетуі халықтың ашуын одан бетер туғызды. Кейін су азабын тартқан бір ауылдың жұрты екіге бөлініп, өзара қырық пышақ болды.

- Ақылдысын қарай көр! Біз де сусыз отырмыз. Рұқсат құжатты көрсетіңдерші.

Ал тіршілік нәрін тартып жатқан тарап «заң аясынан аттаған жоқпыз» деп ағынан жарылды.

- Рұқсат бар. Жоба бар. Заңдылықты қаласаңыздар. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес хабарласыңыздар

Бесағаш ауылдың округінің әкімі құбыр жүргізуге арналған жоба «әлі дайын емес» деп, жұртты сабырға шақырды. Атқамінер арнайы құжатты «егжей-тегжейлі тексереміз» деп уәде берді.

Марат Арынбаев, Бесағаш ауылдық округінің әкімі:

- Қазақшалап айтқанда, былай тартсаң өгіз өледі, былай тартсаң арба сынады. Жоғарғы жақта 150 отбасы сусыз отыр. Бірақ басқа апаратын жері болмай отыр. Егер жоба жасалып бітсе, «су жүргізуге болады» деп жауабымды бергем. Соған бұлар жобаны дайындап жатыр.

Әкімнің жауабы халықты тыныштандырған жоқ. Сондықтан бесағаштықтар қазба жұмыстары қайта басталса, «төбелестің көкесін көрсетеміз» деп ашулы отыр.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде