Онлайн оқу кәсіпкерлерді табыстан айырды
Шектеу шарасы гүл саудасына да кері әсерін тигізді. Әдетте 1-қыркүйекте, әсіресе, мектеп табалдырығын алғаш аттайтындар құшақ-құшақ гүл алып, сауда қыза түсетін. Биыл оның бірі де жоқ. Өйткені алғашқы қоңырау соғылмады. Оқушылар онлайн оқиды. Сондықтан мектеп формасына да сұраныс мүлдем жоқ. Ал бұдан саудасы тоқтап, табысынан қағылған кәсіпкерлер жапа шегуде.
Автор: Салтанат Шырынхан
01.09.2020
Жыл сайын дәл осы күні гүл сататын орындарда ине шаншар орын болмайтын. Мұнда ата-ана мен балалар ұстаздарына гүл шоғын алуға лек-легімен ағылатын. Бүгінде сол дүркіреген шақ сап тыйылып, тек саудагерлер мен саусақпен санарлық сатып алушылар ғана жүр.
Саудагерлер бағаны аса көтермегенін айтады. Мәселен, бір жыл бұрын астра гүл шоғы 1300 теңге болған. Ал биыл небәрі 1500 теңгеге ғана көтеріліпті. Арнайы мектеп мерекесіне арналған гладиолустың да құны өзгермеген. Жылдағыдай 2 мың теңге. Бұған қоса сұранысқа ие нарғызгүл де осында. Мұның бір данасы – 500 теңге. Бұл былтырғымен салыстырғанда 100 теңгеге қымбаттаған. Бұған қоса, кәсіпкерлер алғашқы қоңыраудың өтпейтінін алдын ала білсе де, «дәл мұндай тыныштық болатынын күтпедік» деп кейиді.
Кәмшат Пернебекова, гүл сатушы:
- Бірінші рет осы жағдай болып тұр. Карантинге байланысты қазір сауда жоқ. Мектептегілер гүл сатып алып жатқан да жоқ. Балалар да жоқ, көріп тұрсыздар. Бұрын балалар ата-анасымен келіп гүл сатып алатын.
Биылғы оқушыларға мектеп формасының да қажеті болмай қалды. Өйткені онлайн оқуға ақ жейде ғана жеткілікті. Соның салдарынан мектеп киіміне де сұраныс жоқ. Тіпті тігіншілердің өзі карантиннің кесірінен өндіріс көлемі 30 пайызға төмендегенін айтады.
Ольга Мартынюк, тігін компаниясының бас есепшісі:
- Төтенше жағдай кезінде екі ай бойы жұмыс тоқтап тұрды. Ал қазір оқушылар онлайн оқып жатқандықтан, сатып алушылар жоқ. Біз мектеп формаларын тігуді азайтқанымызбен, бірақ тоқтатпаймыз. Өйткені еліміздегі жағдай реттелген соң, балалар қайта мектепке барып, оқуын жалғастыратынына сенімдіміз.
Кәсіпкерлер тауар бағасын көтермей, бұрынғы бағасын әлі ұстап тұрғанын айтады. Сондай-ақ олар халықтың қалыпты өмірге көшіп, өз тұтынушыларының қайта оралуын асыға күтуде.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!