{metadescription}
Мемлекеттік басқаруда не өзгеріс болады?
Мемлекеттік басқаруда не өзгеріс болады?

Мемлекеттік басқаруда не өзгеріс болады?

Мемлекеттік қызметте жауапты хатшы деген енді болмайды. О баста бұл қызмет министрлерді әкімшілік-кадрлық жұмыстан босатады деген оймен енгізілген еді. Бірақ іс жүзінде басқаша болып шықты. Министр мен жауапты хатшының сөзі бір жерден шықпай, жалпы жұмысқа кедергісі тиіп жатады. Мұны президент Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі халыққа арнаған Жолдауында айтты.

Мемлекеттік қызметкерлер саны екі жылда 25 пайызға қысқаруы керек. Ал олар жаңа құрылатын қос агенттікке бара ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Олар не үшін қысқарады, агенттіктер неге құрылады, жалпы. мемлекеттік басқаруда не өзгеріс болады?

Мемлекеттік қызметкерлердің санын азайту тек бүгін айтылып отырған жаңалық болмаса да, биыл біраз штат саны қысқарайын деп отыр. 10 пайыз, келер жылы тағы 15 пайызға кемуі тиіс. Пандемия кезінде мемлекеттік қызметкерлердің басым көпшілігі қашықтан жұмыс істеген. Соған қарап, мыңдаған адамсыз-ақ мемлекеттік істің тоқтамайтынына көз жеткізсе керек. Қысқарту квазисекторды да қамтиды. Бірінші кезекте, «Бәйтерек» пен «ҚазАгро» холдингтері біріктірілетін болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Қазір біз мүлде жаңа жағдайда тұрмыз. Институционалдық құрылымды өзгерту уақыт талабы. Сондықтан осы екі ұйымды біріктіріп, қаржылық мүмкіндіктері анағұрлым зор даму институтын құрған жөн. Бұл ретте, портфельді компаниялардың саны 2 есеге азайып, штат саны да 50 пайызға қысқаруы тиіс.

Ал жаңадан құрылатын Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі 1999-2002 жылдары болған. Енді соған екінші қайтара оралып отырмыз. Екіншісі, Бәсекелестікті қорғау агенттігі, екеуі де президентке тікелей бағынады.

Дәрежесі комитетке түсіп қалған төтенше жағдайлар саласы қайтадан министрлік болып құрылады. Ал министрлердің еркін жұмыс істеуіне кедергі болып отырған жауапты хатшы қызметі мүлде жойылады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының президенті:

- Осы қызметті енгізерде министрлерді әкімшілік-кадрлық шаруашылықтардан арылтады деп ойлағанбыз. Шын мәнінде олай болмады. Керісінше, министрлер сол жауапты хатшылармен сөзі келіспей, салдарынан жалпы жұмыс тұралайды. Сондықтан ол қызметті жойып, оның жауапкершілігі министрліктің аппарат басшысына артылуы керек.

2021 жылдан бастап мемлекеттік қызметкерлердің, депутаттардың, судьялардың шетел банктерінде есепшоты, қолма-қол ақшасы немесе бағалы заттары болмауы керек. Оған заңмен шектеу енгізіледі. Президенттің оны айтатын жөні бар. Естеріңізде болса, елімізден 140 миллиард доллар шетелдік оффшор банктерге кеткені туралы мамыр айында Мәжілісте сөз болған еді. Соның бір тиыны да елге қайтпаған. Ол аздай, соларға қатысты 200-ден астам қылмыстық іс қозғалса да, түк нәтиже болмай, бәрі жабылып тынған.

Мемлекеттік басқарудағы тағы бір жаңашылдық: ауыл әкімдері енді сайлануы мүмкін. «Іздегенге сұраған» дегендей, келесі жылы бірқатар ауылдық округ әкімдерінің мерзімі бітеді. Сайлау сол ауылдарда өтуі мүмкін. Бұл да демократияға қарай жасалған тағы бір қадам.  Тоқаевтың өз тілімен айтсақ, мемлекеттік басқарудағы бұл өзгерістер «хайпократияның» белең алуына жол бермейді деген үміт басым.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде
Для просмотра требуется поддержка flash и javascript.