Ковид-19 тағы 9 адамның өмірін жалмады
Коронавирус тағы 9 адамның өмірін жалмады. Оның үшеуі өкпесі қабынып көз жұмған. Бұл тек соңғы бір тәуліктегі статистика. Осылайша қауіпті дерттен көз жұмғандардың жалпы саны 1895-ке жетіп отыр.
Автор: Салтанат Шырынхан
02.09.2020
Соңғы бір күнде вирус 99 адамнан табылған. Оның 27-сі коронавирус пневмониясы. Ал 14 науқаста аурудың айқын белгілері жоқ. Сөйтіп коронавирус диагнозы қойылғандар саны 106 мыңға жуықтады. 25 мыңнан аса адамның өкпесі қабынған. Ал жазылып шыққандар 103 мыңнан асты. Дегенмен арқаны кеңге салуға әлі ерте. Сондықтан әр өңір күз мезгілінде «қайта басталуы мүмкін» деген қауіпті вирусқа төтеп беру жағын ойластырып жатыр. Мәселен, Қызылордада 200 орындық модульдік инфекциялық аурухананың құрылысына жер бөлініп, дайындық жүргізілуде.
Сәбит Пазылов, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы:
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы күзде пандемияның екінші толқыны болуы мүмкін екенін айтты. COVID-19-дың бұл кезеңіне аймағымыз дайын болуы керек. Ол үшін дәрі-дәрмектер тізімі жасалып жатыр. 96 тыныс алу құрылғысы қажет. Оның екеуін Дүниежүзілік банк арқылы алуды жоспарлап отырмыз. Бұған қоса жергілікті бюджеттен төрт флюорография мен төрт стационарлық рентген аппаратына қаржы бөлінеді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!