{metadescription}
Мектептерді мемлекеттік және жеке меншік деп алалау бар ма?
Мектептерді мемлекеттік және жеке меншік деп алалау бар ма?

Мектептерді мемлекеттік және жеке меншік деп алалау бар ма?

Жеке меншік мектептер қалыпты форматта сабақ беруге рұқсат сұрап отыр. Әзірге бастауыш сынып оқушыларына кезекші сыныптарда ғана тәлім алуға мұрсат бар. Бұл талап мемлекеттік және жеке меншік мектептерге бірдей. Алайда Алматы мен Маңғыстау өңіріндегі жеке мектептердің тек 1-2 сыныптарына ғана оффлайн оқуға рұқсат еткен.

«Ата-аналардың ақшасына күн көріп отырмыз» деген білім саласының бизнесмендері үкіметке базыналарын айтты. Бұл ретте министрліктің ұстанымы қандай? Мектептерді мемлекеттік және жеке меншік деп алалау бар ма?

Қалталы азаматтардың балаларын оқытатын білім ұяларының халі мүшкіл. Басшылары осылай деп үкіметке мұң шақты. Білім саласындағы бизнесмендер карантинде жапа шеккен кәсіп түрі ретінде қолдау сұрап отыр. Бастауыш оқушыларын кезекші сыныптарда оқытқаннан түсетін кіріс мардымсыз. Оған қоса кезекші сыныптарға қойылған талап барлығына бірдей емес.

Роза Садықова, Республикалық жекеменшік білім беру ұйымдары қауымдастығының төрайымы:

- Алматы мен Маңғыстаудағы жеке мектептерде 1-2 сыныптарды ғана оффлайн оқытуға рұқсат берілді. Бұл білім саласындағы кәсіпкерлікті құлдыратып отыр. Барлық жекеменшік білім беру мекеме басшыларының атынан 0-ші-ден 11-ші сыныпқа дейін қалыпты форматта оқытуға рұқсат етуін сұраймын. Себебі, көптеген жеке мектептердегі жалпы оқушылардың саны 200-300-ге жетпейді, яғни санитарлық-эпидемиялогиялық талаптарды сақтауға мүмкіндік бар.      

Елімізде 182 жеке меншік мектеп бар. Соның 60-тан астамы Алматыда. Барлығы оффлайн, яғни қалыпты форматта оқытқысы келеді. Түсетін қомақты қаржыдан бөлек, білімнің сапасына да алаңдаулымыз деп отыр.

Нұрмұхамед Досыбаев, білім саласының сарапшысы:

- Мектептің беретін 5 маңызды аспектісі бар. Бірінші – интеллектуалды дамуы, екіншісі – әлеуметтік дамуы, үшіншісі – эмоционалды дамуы, төртіншісі – физикалық тұрғыдан дамуы және бесіншісі – тәрбиелік дамуы. Өкінішке қарай, мына онлайн форматтағы мектептер осы бес маңызды аспектінің тек біреуін дамытуға қауқары жетеді.

Министрлік «мемлекеттік, не жеке меншік мектептер деп алалап отырған жоқпыз» дейді. Әрі жеке мектеп иелерін бар мүмкіндікке қанағат қылуға шақырады. Мәселен, жан басына қаржыландыру жүйесі мемлекеттік мектептер үшін биыл ғана енгізіліп отырса, бұл шарапатты жеке білім беру мекемелері былтырдан көріп келе жатыр. 

Бибігүл Асылова, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

- Жан басына қаржыландыру жүйесін жеке меншік мектептерге былтыр енгіздік. Осы ретте мемлекеттік тапсырыстарды да беріп отырдық. Нәтижесінде, бір жылдың ішінде елімізде 20 мың оқушыны қамтитын 70 жеке меншік мектеп ашуға мүмкіндік туды. Сәйкесінше, біз жеке немесе мемлекеттік мектеп деп бөліп жармаймыз. Қаржыландыруды бірдей деңгейде жүргіземіз.  

«Қаржыдан қағылдық» деген жеке меншік мектептерді үкімет биыл сәуір-қазан айлары аралығында салықтан да босатты. Оған қоса бала саны 180-нен аспайтын Алматыдағы жеке мектептерде 11-сыныпқа дейін қалыпты форматта оқытуға рұқсат етілген.

Президент биылғы жолдауында тиісті ведомство басшыларына кезең-кезеңімен оқытудың қалыпты форматына көшудің жоспарын әзірлеуді тапсырды. Ол жоспар қашан дайын болатыны әзірге белгісіз.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде