Елорда, Алматы әуежайы қомақты айыппұл арқалады
Шектеуге шекесінен қараған. Нұр-Сұлтан мен Алматы әуежайы санитарлық талапты бұзғаны үшін қомақты айыппұл арқалады. Бұл тізімде «Эйр Астана» мен «Скат» әуе компаниялары да бар.
Автор: Асқарбек Қазанғап
03.09.2020
Карантин кезінде санитарлық талапты сақтамағаны үшін әрқайсысы 4 жарым миллионға жуық айыппұл салынған. Елорда әуежайы демде оның жартысын өтеп үлгеріпті. Екі қаланың да әуежайы ұшып келуші және ұшып кетуші жолаушыларға бөлек дәліз ұйымдастырмаған. Тіркеуден өту кезінде әлеуметтік ара қашықтық сақталмағаны да анықталды. Одан бөлек, терминалдарда дезинфекциялық кілемдер төселмеген. «Эйр Астана» мен «Скат» әуе компаниялары да осы тектес санитарлық талапты сақтамағаны үшін енді қомақты айыппұл төлеуі тиіс.
Сәдуақас Байғабылов, Көліктегі мемлекеттік бас санитар дәрігер:
- Екі әуе компаниясы да ауысым алдында қызметкерлеріне медициналық тексеріс жүргізбеген. «Эйр Астананың» билет сататын кассалары арнайы қоршалмаған. Ал «Скат» әуе компаниясы жолаушылар арасындағы әлеуметтік қашықтықтың сақталуын қадаламаған. Осыған байланысты олар 1600 айлық есептік көрсеткіш көлемінде жауапқа тартылды. Мұндай тексеріс жалғаса береді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!