Беларусь: Оппозиция белсенділері ізім-қайым жоғалды
Беларусьта оппозиция басшыларының бірін белгісіз біреулер көліктеріне отырғызып алып кетті! Светлана Тихановскаяның сенімді серігі Мария Колесникованы бетперде кигендердің көлікке күштеп отырғызып жатқанын көшедегі адамдар көріп қалған.
Автор: Аруна Ортай
07.09.2020
Оқиға бүгін таңертең болған. Мария Колесникованы штабқа кетіп бара жатқан жерінен белгісіз біреулер шағын автобуспен басып алып кеткен. Оның ізінше Тихановскаяның баспасөз хатшысы да ізім-қайым жоғалды. Лукашенко билігіне қарсылық шараларына қалыспай қатысқан оппозицияның тағы екі белсендісі тұтқынға түсті деп хабарлайды тәуелсіз ақпарат көздері. Мәліметтерге қарағанда, Колесникова секілді олар да байланысқа шығуды қойған.
Бірнеше күн бұрын ғана Бас прокуратура осы төртеуіне қатысты билікті тартып алу бабымен айып тағып, іс қозғаған. Ал елдегі қақтығыс әлі де толастар емес. Мыңдаған адам Лукашенконың биліктен кетуін талап етуде. Минскімен бірге Брест, Могилев көшелері де шерушілерге толды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!