КВИ жоғын дәлелдей алмасаң, 83 мың айыппұл төле
Коронавирустан сау екеніңді дәлелдей алмасаң, 83 мың теңге айыппұл арқалайсыз. Талап шетелден келгендерге қатысты. Бірінші кезекте індет жұқтыру қауіптілігі жоғары елдерге сапарлап қайтқан отандастарымыз бен шетелдіктердің ПТР-тесті болуы керек. Ал қауіпсіз санатындағы елдерден келгендердің дене қызуы тек әуежайда өлшенеді.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
07.09.2020
Бүгінде 20-дан астам мемлекетпен әуе қатынасы жанданған. Ал барыс-келістің өзі елдерді 2 санатқа жіктей отырып жүзеге асырылуда. Әуе қатынасындағы қазіргі санитарлық қағида жайлы баяндайды.
- Ұшып келгенде біреу-міреу тексерді ме?
- Бәрі жақсы сияқты, ешкім тексермеді.
Бірақ санитарлық талапқа сай, қызуы өлшенуі тиіс еді. Бәлкім, жолаушының жай-күйі жақсы болған соң, қажет көрмеген болар. Қош, бұл азаматтар Германиядан ұшып келді. Араларында карантин кесірінен біраз кідіріп, елге жарты жылдан кейін оралып жатқаны бар.
Людмила Бевз, жолаушы:
- Ұшақтың ішінде әлеуметтік қашықтықты сақтай отырып жайғастық. Мысалы, жанымдағы бір орын бос болды, үшінші орындықта жолаушы отырды. Осындай талаппен жайғасқан соң, ұшақтың жартысы бос келді. Негізі, Германияға ақпанда барғаннан енді келіп жатырмын.
Карантин сәл жұмсарып, әуе қатынасы біршама жанданды. Бүгінде ел азаматтарына 20-дан астам бағытта барыс-келіс еркін. Бірақ баратын мемлекеттің санатына байланысты жеке-жеке санитарлық талаптар бар.
Сәдуақас Байғабылов, Көліктегі мемлекеттік бас санитарлық дәрігер:
- Бірінші және екінші санаттағы елдермен барыс-келіс емін-еркін жүзеге асып жатыр. Бірақ бұл санаттарға енбей қалған мемлекеттермен ешқандай әуе рейсі жоқ. Егер қос санаттың біріне кірмей қалған елге барғыңыз келсе, талапты орындап, тек транзиттік рейспен қатынай аласыз.
Қазақстан эпидахуалға байланысты мемлекеттерді 2 санатқа жіктеп отыр. І санатқа жататын елдер: Қытай, Оңтүстік Корея, Жапония, Грузия, Таиланд, Венгрия, Үндістан, Германия, Чехия секілді 17 мемлекет кіреді. Бұл елден келген қазақстандықтар мен шетелдіктерге шектеу жоқ. Тек қызуы тексеріледі, мәліметі тіркеледі.
ІІ санатта: Польша, Өзбекстан, Тәжікстан. Бұл жақтан ұшып келгендердің де қызуы өлшеніп, мәлімет алынады. Бұған қоса қолында мерзімі бес күннен аспайтын теріс нәтижелі ПТР-анықтама болуы шарт.
Егер екінші санатты елден келген қазақстандықта теріс нәтижелі ПТР-анықтама болмаса, сынама тапсыруға 48 сағат беріледі. Өйтпеген жағдайда 14 күн үйіне карантинге жатқызылады. Ал анықтамасы жоқ шетелдік мейманға сынаманы әуежайда тапсыруға мүмкіндік бар.
48 сағаттың ішінде сынама тапсырмаған азаматтар 83 340 теңге айыппұл төлеуі тиіс. Ал сырттан келген рейстегі жолаушының бірінен вирус анықталса, сапарластарының барлығына қатысты тиісті медициналық шара қабылданады.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!