КТК – халықтың көзі, құлағы хәм тілі бола береді
КТК-да бәрі жаңа! Арнамыз жаңа маусымда жаңа ғимаратқа көшті. Жаңалықтардан бастап барлық бағдарламалар енді жаңа студияда. Күзгі тұсаукесерлер шеруінде бірқатар тың жобалар әзірленіп жатыр.
Автор: Салтанат Шырынхан
07.09.2020
Ойын-сауық, түрлі негізделген әлеуметтік-қоғамдық бағдарламалар мен қызықты ток-шоулар ешкімді бейжай қалдырмайды. КТК түсірген фильмдер мен сериалдар да дайын.
Бұл ғимарат 1958 жылы аппараттық-студиялық кешен ретінде салынған. Содан бері от ауызды, орақ тілді журналистердің отауына айналды. Бұл жерден талай дүлдүл жалпақ жұртқа жаңалық таратты. Қабырғасы әйнекпен қапталып, бағаналары гранит тастармен бекіген нысанның 1993 жылдардағы ішкі көрінісі мынау. Қазір барлығы қайта жаңарды. Енді КТК телеарнасының журналистері жаңа техникамен жабдықталған жаңа жұмыс орнында қызметтерін жалғастырады.
Срайыл Смайыл, КТК телеарнасының мемлекеттік тілде хабар тарату жөніндегі бас редакторы:
- Осындай жағдайдың жасалуы журналистердің жұмысына жаңа күш беретіні, жаңа шабыт беретіні, бір сөзбен айтқанда, тың серпін беретіні анық. Мәселелерді қозғап қана қоймайды. Жаңалықтармен қатар бағдарламалар да осы бағытта жұмыс істеп жатыр. Мысалы, коронавирусқа қарсы күрес телевизияның ең сенімді әрі толыққанды ақпарат көзі екені дәлелдеді. Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, КТК телеарнасы халықтың көзі, құлағы хәм тілі болу жөніндегі миссиясын атқара береді.
КТК қараша халыққа ең жақын арна. Оған «Жаңалықтар» қызметінің өзі дәлел. Мәселен, телеарна төтенше жағдай мен карантин уақытында да хабар таратуын тоқтатқан жоқ. Осылайша сын сағатта ақпаратты жеткізудің жаңа тәсілін де ойластырды. Енді жаңалықтардың дәстүрі бойынша, тілшілеріміз теледидарда ғана емес, ғаламторда да тікелей эфирге шығады.
Камила Жүсіпова, Сандық даму және қоғамдық байланыс бөлімінің директоры:
- КТК арнасының контенті жоғары болу үшін жан-жақты жұмыстарды қолға алдық. Енді көрермендерімізді одан ары көбейту мақсатында digital пратформасын да қоса жүргізетін боламыз. Осы орайда әлеуметтік желі мен сайттарға да көп көңіл бөлеміз. Журналистеріміз оқиға орнына тікелей эфир жүргізіп, оқыс оқиғалар дәл уақытында көрсетіледі. RТК бұрынғыдан да мобильді, жедел ақпарат жеткізетін болады.
«Астарлы ақиқаттың» да бұл маусымда жалғасы бар. Бағдарлама дүйсенбі мен бейсенбі аралығында 20:00де көпшілікпен қайта қауышатын болады. Әдеттегідей бұқпасыз, боямасыз болмыс пен ақиқаттың сан түрін ашуға журналистер қызу дайындық жүргізіп жатыр. Десе де ұжымдағылар тізгіннің кімге бұйыратынын әлі де құпияда ұстап отыр.
Мәселеңізді заң аясында, ұрыс-керіссіз шешуге әрекет етіп жүрген «Дау-дамайсыз» бағдарламасының уақыты өзгергенімен, бағыты сол қалпында. Әр жұма сайын 20:30 экранға қайта шығады.
Күзгі базарлық кино сүйер қауымға да бар. Арнамыз түсірген отандық фильмдер топтамасына да тоқтала кетейік. Соның бірі – «Жақыным алыс» көп сериалы картинасы. Телехикая 20 жыл бұрын шалыс басқан келіншектен туған сәби жайлы. Ал «Ежелгі көшпенділер аңызы» туындысы байырғы наным-сенім жайында сыр шертетін киноны да арнамыздан көре алатын боласыздар.
Наталья Фазылжанова, Өндірістік дирекция директоры:
- Отандық мелодрама мен экшн жанрында сериалдар түсірдік. «Жақыным алыс» пен «Дурь» сериалына бар күшімізді салдық. Бұған қоса, «Алаяқтар» атты қызықты әрі әлеуметтік маңызы бар картиналарды да ұсынамыз. Барлығы қараша мен желтоқсан айында көрсетіледі.
Көрермендерінің қалауын қанағаттандыру мақсатында үнемі имиджін өзгертіп, әрдайым жетіліп отыратын КТК арнасы бұл жолы да жүрісінен жаңылған жоқ. Заман талабына сай сапалы бағдарламалар мен жаңалықтардың жаршысына айналған біздің арна қашанда қосулы болсын.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!