Елордалық жетімдердің жанайқайы
Жетімдер көп астанада, бар арманы баспанада. Елордада пәтер ала алмай тұрмыс тауқыметін тартқан бір топ жетім базынасын айтты. Ресми дерек бойынша, тек Нұр-Сұлтан қаласының өзінде аталмыш топтағы 3 мыңға тарта азамат үкіметтен тиісті шаршы метрлерін аңсап жүр.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
08.09.2020
Заңға сәйкес, әлеуметтік осал санаттағыларға салынған мемлекеттік баспанының 20 пайызы жетімдерге тиесілі. Бірақ жылда мыңдаған шаршы метрлеп баспана тапсырылып жатқанымен, 10 жылдап кезекте тұрғандар әлі күнге панасыз.
«Шенеуніктер шетқақпай қылды» деген жетімдердің жанайқайы:
Айнұрдың әке-шешесі 2005 жылы көз жұмған. Үйдің кішісі өзі, ал екі үлкен ағасы кембағал. Марқұм ата-анадан қалған пәтерді асырап алған нағашылары банкке кепілге қойып, қомақты қаржылай несие алыпты. Ай сайынғы төлем жасалмаған соң, мұра боп қалған баспана тәркіленген. Есебі толық туыстар енді жетімдермен шаруасы жоқ. Ал азаматтық некедегі жұбы бұлардан бас тартқан. Айнұрдың жетім ретінде баспанаға кезекте тұрғанына сегіз жыл.
Айнұр Сейітқасымова:
- Біз далада қалдық. Екі ағам бар, екеуі де мүгедек. Ұл балам жеті жастағы, ол да мүгедек. Үш мүгедекті асырап отырмын. Балам арнайы мектепте оқиды, пәтер жалдап тұрамыз. Көше-көше, шаршадық. Өйткені әркез ағаларымды сынайды. Түріне қарап шошиды.
Баспана ауыртпалығы жанына батқан жалғыз Айнұр емес. Жиылғандардың әрқайсында осындай жағдай. Айсара Рүстембекова мүмкіндігі шектеулі екі жетім баланы бағып отыр. Баспананың кезегін күтіп жалдамалы пәтерлерді ауыстырып жүргеніне 10 жыл. Бірақ билік өкілдерімен жыл басында жүздесіп, үйлі боламыз деген үміті күн өткен сайын сөніп барады.
Айсара Рүстембекова:
- Ақпан айында әкіммен кездескенбіз. Сонда әкім мені шақырып алды, сосын әкімнің орынбасарына бардым. Әкім уәде берді, денсаулық сақтау басқармасы да уәде берді. Тұрғын үй департаментінен де уәде берді. Білім беру басқармасы да уәде берді. Сол уәденің ешқайсы да орындалған жоқ.
Ал бұл азамат жетім ретінде екі жыл бойы кезектің басында тұрғанымен, пәтерін әлі алмаған. Оның сыры да белгілі болды. Осы уақыт аралығында абақтыда қамауда жатыпты. Бірақ жуық арада тиісті шаршы метрлеріне қолы жетеді. Үкіметтен үй талап еткен жетімдердің арасында 15 жылдай кезекте тұрғандар да бар.
«Мемлекет меселімізді қайтарып отыр» дегені, былтырдан бері жетімдерге берілетін жалдамалы баспананы меншіктеуге болмайды. Заң солай өзгерді. Тек 5 жылдан соң жалдау мерзімін ұзарту мүмкіндігі қарастырылған.
Әнуар Саипов, Тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары:
- Кезекке тұрғандардың деректері көп жағдайда қате көрсетіліп жатады. «Байланыс нөмірлері жұмыс істемейді» деген секілді кемшіліктер көп болады. Тұрғылықты мекенжайы қате көрсетілген. Неге десеңіз, баспанаға кезекке тұрған азамат тіркелген емес, тұрып жатқан мекенжайын көрсетуі тиіс. Біздің мамандар тізімге сәйкес үйлерді аралап шықты, иелері ондай адамдардың тұрмайтынын айтып жатады.
Ел астанасында әлеуметтік осал топқа жататын 46 417 азамат баспанаға кезекте тұр. Соның 2 712-сі жетімдер. Заң бойынша олар үкіметтен пәтер талап етуге қақылы. Тек кезектен аттап өте алмайды.
Талапқа сәйкес, әлеуметтік осал топтарға салынған баспананың 20 пайызы жетімдер арасында үлестіріледі. Мысалы, былтыр үкімет жеңілдігімен қамтылатындарға бой көтерген 419 пәтерлі баспанадан 84-і жетімдерге ұсынылыпты. Кезек осы заңдылықпен жылжиды. Ал күткісі келмегендер төмен пайызды, ұтымды ұсынысы бар несиелік бағдарламаларға иек артсын. Тұрғын үй инспекциясының жауабы осы.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!