Онлайн оқуды жалғастырудың 7 себебі
Онлайн оқу жалғаса береді. Оның жеті себебі бар. Соның бірі, оқушылардың әлеуметтік қашықтық сақтауын қадағалау мүмкін емес. Әрі оффлайн оқытатын мектептердің вирус ошағына айналу қаупі басым. Осындай себепті келтірген Денсаулық сақтау министрі жоғары сыныптардың әзір мектепке бармайтынын жеткізді.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
10.09.2020
Бұл ұйғарымды Білім министрлігі де қостайды. Сондықтан мұғалімдердің онлайн-машығын арттыруға ден қоямыз деп отыр. Асхат Аймағамбетов қашықтан оқытуға 70 миллион доллар бөлінді деген сөз де шындыққа жанаспайтынын айтты. Оның сөзінше, былтырғы оқу жылының соңғы тоқсанында онлайн білім беруге көк тиын да шығындалмапты. Оқу жылына қатысты соңғы деректерді тілшіміз біліп келді.
Әне-міне дегенше, онлайн оқу жылының алғашқы аптасы да түйінделіп қалды. Бірақ бір жетінің өзі бір жылға татитындай. Масқарасы шыққан онлайн сабақтардан сабақ алып, министрлік үйреншікті форматта білім беруге көшер деген үміт көптің көкейінен қылаң берді.
«Оффлайн оқытуға көшу оңай шаруа емес, салдары бар». Осылай деген Алексей Цой қалыпты режимде білім беруге көшкен әлем елдерінің сәтсіз мысалдарын келтіре кетті. Оған қоса, онлайн оқуда қала берудің 7 себебін тізіп берді. Соның ең маңыздысы, мектептердің вирус ошағына айналып кетуіне жол бермеуіміз керек. Әрі Денсаулық сақтау министрі аузы күйген үрлеп ішетінін ескертті.
Алексей Цой, ҚР Денсаулық сақтау министрі:
- Сан соқтырған сәтсіз тәжірибе бізде де бар. Алғашқы карантин кезінде, мамыр айында мектепке дейінгі орталықтар мен балабақшаларда кезекші топтар ашқан едік. Бірақ сол топтарда балалардың арасында вирус тіркеліп, қайта карантинге жіберуге мәжбүр болдық.
Алексей Цой Қазақстан мектептеріндегі эпид-ахуалдың тұрақтылығы жайлы әңгіме қозғаудың өзі ерте дейді. Себебі, вирустың инкубациялық 14 күні де өтпеген. Сондықтан қашықтан оқудың безбенінен қашамыз деп, вирустың қақпанына түсіп қалмау керек. Министрлердің ұстанымы осы.
Ал киберпедагогиканың әліппесін енді ашқан мұғалімдер қосымша курстарда тәлім алуды одан әрі жалғастырады. Әрі сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Оқудың бір аптасында тіркелген кемшіліктерге қарағанда, сапалы әзірліктің болағанына күмән туады. Бірақ білім министрі ақталумен болды.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:
- Педагогтар да жазғы уақытта дайындық курстарынан өтті. Бір емес, бірнеше курстан өтті. Біріншіден, кибер-гигиена, кибер-қауіпсіздік мәселесін бердік, жалпы киберпедагогика мәселесін өттік. Екіншіден, ІТ саласы бойынша тиісті дағдыларын дамытуға қатысты сабақтар мұғалімдерге де берілген болатын.
Отандық білім беру жүйесіне айтылған сынмен Аймағамбетов келіседі. Бірақ 500 мың ұстаздың күні-түні еңбектеніп жатқанын сызып тастауға болмайтынын атап өтті.
Білім министірінің айтуынша, онлайн оқытуға 70 миллион доллар бөлінді деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Алғашқы онлайн сабақтарға, яғни былтырғы оқу жылының соңғы тоқсанына бюджет қаржысынан көк тиын да қарастырылмапты. Ал қашықтан оқу барысында қатарынан қалған балалар тіркелсе, олардың білім бағдарламасын толық меңгеруіне қам жасалады. Ол үшін арнайы сараптама жүргізіліп жатыр екен. Сондықтан онлайн оқудың нақты қашан аяқталатыны жайлы айту әлі ерте.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!