Щучьеде кәріз құбырын қазу жұмысы аяқсыз қалған
Ақмола облысында тұрғындар қара топырақтан зардап шегіп отырғанын айтып шағымданды. Щучье қаласының шетінде кәріз құбырын жасауға жер қазылып, ары қарай жұмыс тоқтап қалған. Қазған компания ізім-ғайым жоғалыпты. Ал астаң-кестеңі шыққан көшеде жүріп-тұру қияметке айналған. Жергілікті жұрт әкімдікке арыз айтыпты, бірақ нәтиже жоқ. Тілшіміз тұрғындардың мұңын тыңдап қайтты.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
11.09.2020
Онсыз да шағын ауданның жолы ойдым-ойдым. Шоқалақ жолмен әупірімдеп әрең жүргенде, бұл «жығылған үстіне жұдырық»болған. Үсті-үстіне үйілген топырақ құрғақта шаң қаптырса, жаңбырда толарсақтан саз кешетін жағдайға жеткізген.
Аудан орталығына жапсарлас орналасқан кент жұрт аузында «Қопай» аталып кеткен. Екі жарым мыңға жуық тұрғыны бар. Курорттан шыбық тастам жерде тұрса да, өркениеттен жұрдай. Көшесі тастай қараңғы, жолы жөндеу көрмеген. «Кәріз құбыры тартылады» дегенде тұрғындардың қуанғаны рас. Бірақ қуанышы ұзаққа бармапты.
Азамат Қанаев, Щучье қаласының тұрғыны:
- Осылай жатқалы, міне, бір ай болды. Қазып-қазып тастап кетті, Ертең қыс түседі, сонда не болады? Басшылар, әкімдік қайда қарап отыр? Хабарлассам, әкімдік жауап бермейді.
Қоңыр күз келгелі әлсін-әлсін жауған жаңбырдан көше лай-батпаққа айналып, тұрғындардың берекесін кетірген. Ал күн күрт ысыған кезде шаңы аспанға көтеріліп, тіпті далаға кір жаймайтын болдық дейді олар. Әсіресе мектепке баратын кішкентай балаларға қиын болған. Жұрт шақырса келмейтін әкімдіктегілер түсіру тобы келгенін естіп, жетіп келіпті. Олар мұны уақытша қиындық деп тұр.
Ерлан Биданов, Бурабай ауданы құрылыс бөлімінің басшысы:
- Бұл – Щучье-Бурабай курортты аймағын дамыту бағдарламасы шеңберінде салынып жатқан кәріз желісі. Желінің бір тармағы осы кент арқылы өтеді. 500 метр құбыр өткенше ыңғайсыздық болады. Уақытша ғой. Жоба 2022 жылы аяқталады.
Мемлекеттен 3 миллиард теңге қарастырылған жобада желінің осы бір бөлігін тендерде жеңіп алған астаналық «Қазбалық» компаниясының өкілі де келді. Бір ай бұрын көшені қазып кеткен олар: «екі сағаттан соң жинай бастаймыз» - деп жұртқа уәде берді.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!