Елордада балаларға мұз айдыны жетпей жатыр
«Астанада жаттығамын» деген балаларға мұз айдыны жетпей жатыр. Нұр-Сұлтан қалалық спорт басқармасы мен ата-аналар келісімге келе алмай дал. Өйткені мұз айдынында оңтайлы уақытта жаттығудың құқына жекеменшік және мемлекеттік мектеп өкілдері таласуда. «Бұл ретте балалар-жасөспірімдер спорт мектептеріндегі тәрбиеленушілерінің құқы шектеліп жатыр», - дейді ата-аналар.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
11.09.2020
Олардың айтуынша, «ақша төлеп коньки тебемін» дегендердің дәурені жүріп тұр.
Ата-аналар мемлекеттік спорт мектебінде тәлім алатын балаларының құқы шектелді деп отыр. Мұзда мәнерлеп сырғанаумен шұғылданатын оқушылар жаттығудан қалмау үшін күнде таң атпай мұз айдынына келуге мәжбүр. Ал басқа оңтайлы уақытта жекеменшік мектептердің балалары айналысады. Ата-аналар осылай деп отыр.
Айнагүл Сыздықова:
- Мұзға берілген уақыт шешілмейді. Алтыдан бастап жаттығу. Сағат алтыдан мұзға шығу үшін баланы мұнда бесте алып келу керек.
Негізі спорт басқармаларына қарасты мектептердің тәрбиеленушілеріне мұз айдынында шұғылдануға кешкі алты жарымға дейін уақыт берілген екен. Бірақ карантин өз талаптарын енгізген.
Асхат Мұқашев, қызмет көрсету компаниясының бас директоры:
- Қазір жекеменшік мектептерге ерекше көңіл бөлініп отыр. Себебі, карантинде біз қалай да табыс табуымыз керек. Бірақ ол мектептерде жаттығатын балалардың да мұз айдынында спортпен шұғылдануға құқы бар. Шу шығып отырған мұз айдынының ақаулары көп, он жыл бойы жөндеу көрмеген. Оған да қаржы керек емес пе?
Ал спорт басқармасы балаларды жекеменшік, не мемлекеттік мектеп тәрбиеленушілері деп бөліп-жармаймыз дейді. Алайда ата-аналардың айтқаны мүлдем басқа. Мәселен, жеке мектептің үш-төрт оқушысы даңғарадай мұз айдынында армансыз машықтанса, мемлекеттік мектеп оқушылары 20 баладан топтануға мәжбүр. Әрі әр топқа спорт министрлігі тарапынан бір аптаға сегіз сағаттық меже белгіленген.
Гүлназ Оразалина, Нұр-Сұлтан қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасы жоғары жетістіктегі спорт бөлімінің басшысы:
- Қазір балалардың мұз айдынында жаттығу уақытын ұзартуды жоспарлап отырмыз. Жалпы жаттығу уақыты мәселесіне қатысты наурыз айына дейін, яғни карантин енгізілмей тұрып қиындық болмады. Оған қоса жаңа оқу жылы басталған соң осы спорт түріне келетін балалардың легі де арта түсті.
Бүгінде ел астанасында 400-дей оқушы мәнерлеп сырғанау үйірмесінде айналысады. Олардың сапы әр оқу жылында толыға түседі. Алайда ата-аналарды бапкерлердің жетіспеушілігі алаңдатып отыр. Мұз үстіндегі уақыт пен бапкер мәселесін спорт басқармасы жуық арада бір жақты етеміз деп сендірді.
Осындай үлкен бірнеше мұз айдыны мемлекеттің меншігінде. Алайда оларды күтіп-баптау жеке компанияның мойнына жүктелген. Сәйкесінше, бюджеттен миллиондаған қаржы бөлінуі тиіс-тін. Жеке компания өкілінің айтуы бойынша, бір ғана осы мұз айдынындағы ыстық су жүйесін жаңартуға үшін қомақты қаражатты бюджеттен емес, жеке тұтынушылардың, яғни тапсырыс берушілердің қалтасынан алуды жоспарлап отыр. Бұқаралық спортқа қарастырылып отырған миллиардттардың қайда кетіп жатқаны тағы белгісіз.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!