Қараусыз қалған ғылыми орталық Президенттен көмек сұрады
Қараусыз қалған ғылыми орталық. Алматыда Хамза Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығының директоры Президенттен көмек сұрады. Айзат Молдағасымованың айтуынша, орталықтың жағдайы қазір сын көтермейді.
Автор: Мақсат Мәлік
14.09.2020
Ғимарат әбден ескіріп, едені шіріп жатыр. Ал, қызметкерлер ақысыз еңбек демалысынан жылдар бойы жұмысқа оралмаған. «Мемлекеттің қолдауына зәруміз» деген директор коронавирус жайлағанда маңызды рөл атқаратын орталықтың құрдымға кеткеніне наразы.
Кезінде дәурені жүрген ғылыми орталық 90-шы жылдардағы қираған көріністі еске түсіреді. Ғылымның қайнаған ортасына айналған ғимараттың кейбірі ел көшіп кеткендей астан-кестеңі шыққан. Қазір бұл жерде көз майыңды тауысып ғылымға үлес қоспақ түгілі, дәлізде аяқ алып жүру қиын.
Хамза Жұматов атындағы Гигиена және эпидемиология ғылыми орталығынан береке қашты деп дабыл қаққан директордың айтуынша, орталықтың күйі күннен күнге кері кетіп жатыр. Тіпті, тозған ғимараттан бөлек бір топ қызметкер бірнеше жылдан бері ақысыз еңбек демалысынан жұмысқа шықпапты.
Айзат Молдағасымова, Х. Жұматов атындағы гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы филиалының директоры:
- Ғылыми бағыттағы көп жылдық табысты тарихымызда мемлекеттің қолдауынсыз қалдық. Қазір 39 қызметкердің тек алтауы ғана айлық алып отыр. Материалдық-техникалық тұрғыдан қамтамыз ету деген атымен жоқ. Қандай да бір зерттеу жұмыстарын жүргізуге қаражат берілмейді. Барлық кеңсе жиһаздары тозып біткен.
Орталықтың адам шошырлық ахуалын жайып салған Молдағасымова коронавирус жайлағанда білдей мекеменің құрдымға кетуіне наразы. Оның айтуынша, түрлі вирустың алдын алу бағытында ғалымдар ағзаның иммундық жүйесін күшейтуге арналаған препарат әзірлеуге қауқарлы. Бірақ құлықсыздық танытқан жауапты органдар қымбат импорттық дәрі-дәрмек сатып алуға құштар дейді ол. Ал онсыз да қаржыдан тарыққан қызметкерлер қарапайым қағазға дейін үйлерінен таситын көрінеді.
Айзат Молдағасымова, Х. Жұматов атындағы гигиена және эпидемиология ғылыми орталығы филиалының директоры:
- Қызметкерлер өздерінің ноутбугімен жұмыс істейді, интернетке де өздері төлейді. Кәдімгі кеңсе тауарларын үйден алып келеді. Ұсақ-түйекті айтып кетті демеңіздер, біз осының өзін шеше алмай отырмыз. Бірде бір зертхана жұмыс істемейді.
Ал жауапты мекеме өкілдерінің дерегінше, орталық 2014-2017 жылдары аралығында ғылыми зерттеу бағдарламасы аясында тер төгіпті. Бірақ берілген тапсырма аяқталған соң базалық қаржыландыру тізімінен түсіп қалған. Екі жыл бұрын ғылыми зерттеу нәтижесін коммерциялау мақсатында 150 миллион теңге грант ұтып алыпты. Алайда қаржылық қиындыққа орай жұмыс тоқтатылған.
Марат Хавсемет, Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының атқарушы директоры:
- Қол қусырып қарап отырған жоқпыз. Бюджеттік өтілімдер дайындадық, қаржылық экономикалық негіздемелер дайындадық. 2021 жылға мемлекеттік тапсырма берілген. Ол тапсырмада 15 миллионға жуық қаражат қарастырылған. Әрине, барлық штаттық қызметкерлерді ұстауға ол жетпейді.
Осылайша ғалымдарды алаңдатқан ахуалмен таныспыз дегендер келешекте ескі ғимараттар да жөнделеді деп сендірді. Әзірге қаржы тапшылығы қолбайлау екен. Алайда қызметкерлері жалақысыз қалған басшылық мәселінің тез шешілуін талап етіп, Президенттен көмек сұрайды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!