Атышулы ұйымдасқан үш қылмыстық топ құрықталды
Атышулы үш бірдей ұйымдасқан қылмыстық топ құрықталды. Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен полицейлердің бірлесе әрекет етуінің нәтижесінде қылмыстық топтардың 15 серкесі мен белсенділері кісенделді. Арасында бандитизм мен кісі өлтіргені үшін халықаралық іздеуде жүрген Ресей азаматы бар. Қылмыскерлер Қазақстандағы кәсіпкерлерге қысым көрсетіп, қаржы өндіріп, рейдерлікпен айналысқан.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
14.09.2020
Нұр-Сұлтанның қақ ортасындағы пәтерге шақырылмаған ерекше қонақтар сау ете түскені сол еді, шымыр денелі ер адам тырп етпестен еден құшты. Ол адам өлтіру, зорлау, кісі ұрлау, бандитизм әрекеттері үшін халықаралық іздеуде жүрген Саламбек Ибрагимов есімді қылмыс әлемінің серкесі боп шықты. Оны Солтүстік Осетияның құқық қорғаушылары көптен бері қолға түсіре алмай жүр екен. Оған қоса Шешенстан аумағындағы қақтығыстарға қатысқаны да белгілі болды. Пәтерді тінту барысында тек арнайы бөлім сарбаздары тұтынатын тапанша, оқ-дәрі, пышақтың түр-түрі анықталды.
Тергеу деректері бойынша, Ибрагимов Ресей аумағында ғана емес, Қазақстандағы ұйымдасқан қылмыстық топтармен де тығыз қатынаста екені анықталды. Мәселен, мына кісендеулі азаматпен талай заңсыз әрекетті жүзеге асырған. Бұл - қылмыс әлемінде «Алиба» есімімен танымал Әлібек Нарбеков. Ол ақша бопсалап, рейдерлікпен айналысқан «Әлібековтер» қылмыстық тобына басшылық еткен.
«Алиба» мен кәсіпкердің арасындағы әңгімені Қауіпсіздік комитеті жедел тергеу амалдары барысында жазып алған. Сөз арасында айтылған 30 пайыз бизнесті басып алушылардың жәбірленушіге қалдырамыз деген бөлігі. Алайда іс жүзінде оның бақылау пакеті бар 77 пайызды құрайды. Кәсіпкер түрлі қорқыту мен қыпаққа қарамастан, еш қаймықпай қауіпсіздік комитетінің көмегіне жүгінген.
Юрий Цхай, жәбірленуші:
- Бірде маған «либа былай деді: «кімге шағымдансаң да, мейлі, ешкім саған көмектесе алмайды». Дәл осылай айтты. Әрі олардың талаптарын орындамай, созбаққа салып жүруім бос әурешілік екенін де ескертті. Бұл нағыз рейдерлік басып алу әрекеті. Өйткені көлденең көк аттыдай сау ете түсіп: «Бизнесіңнің егесі – мен», - деді.
Юрий Цхайдай кәсіпті басып алушылардың әрекетінен қаймықпай, тиісті органдарға шағымданған тағы бір кәсіпкер бар. Әлібек Нарбеков оны қорқытып, ақша бопсалаған. Тергеу деректері бойынша «Алиба» сотталып шыққандар мен спортшыларды қылмыстық тобына тартқан. Ал бұл әрекетке абақтыда жүріп машықтанған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің мәліметінше, Әлібек Нарбеков қылмыс әлемінің серкелерімен тығыз байланыста болған.
Оның қылмыстық тобына енгендер түрлі қақтығыстарда төбе көрсетіп үлгерген. Мәселен, қылмыстық топтағы мына екеу түнгі клубтың маңында ер адамға жабылып кеткен. Біреуінің қолында тапанша бар. Ол «Найза» деген лақап атымен танымал Найзабек Шохамбаев. Ал мына бейнежазбада «Найза» бұл жолы астанадағы цирктің көлік тұрағында тапа-тал түсте басқа қылмыстық топтың мүшелерімен оқ атысқан. Қазір іздеу жарияланған.
«Әлібековтер» қылмыстық тобындағылардың өз міндеті болған. Тіпті заңсыз табысты екшеп отыратын есеп бөлімі де анықталды. Банды мүшелерінің бірінің пәтерінен бума-бума ақша орамалары табылды. Сырттарында қаржы бопсаланған компаниялардың атаулары да жазылған. Бұл енді қылмыстық топқа қарсы айғақ ретінде істе тіркелген.
Ал бұл орман арасында емін-еркін оқ атып жатқан – «Шейх» деп танылып кеткен Кямал Рашидов. Тергеу деректерінше, «Махмудовтар» қылмыстық тобының мүшесі. Тоқсаныншы жылдардағы бұзақылық пен бандитизмді машық қылған қылмыскерлерді қазір құрықтамағанда, зардабы орасан болары сөзсіз. Құрықтау шарасы Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе және Қостанай қалаларында жүргізілді. Қауіпсіздік комитеті мен полицейлердің бірлесе әрекет етуінің нәтижесінде қылмыстық топтардың 15 жетекшісі мен белсенді мүшелері қолға түсті.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!