Қарағандыда бюджеттің 107 миллионын екеулеп жымқырған
Тергеушілерге Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Жақсылық Шалабековті құрылыс компаниясының директоры ұстап берген. Ол тұрғын үй құрылысына бөлінген бюджет қаражатының 107 миллионын екеулеп жымқырғанын айтыпты. Қазір екеуінің де қолына кісен салынып, тергеу абақтысында отыр.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
14.09.2020
Жақсылық Шалабеков қазіргі қызметіне дейін тоғыз жыл бойы Қарағандының құрылыс бөлімін басқарған. Осы жылдар ішінде салынған әр бюджеттік баспананың айналасында дау туындап келеді. Мәрзімінде салынып бітпей әупірімдеп тұрғызылса, қабырғасы қақырайды. Шенеуніктің қабылдап алған үйлері қазір бюджет қаражатына қайта жөнделіп жатыр. Елдің арызы бойынша оған талай ескертулер айтылып, сөгістер те жарияланған. Алайда топан су тобығынан келмейтін Шалабеков былтыр тіпті қала әкімінің орынбасары боп шыға келді. Тергеу мәліметінше, ол «Нұрлы жер» бағдарламасымен тұрғын үй құрлысына бөлінген қаражатқа қол сұққан. Бюджеттің 107 миллион теңгесін «DST Қазақстан» құрылыс компаниясына заңсыз бөлген. Ал компанияның құрылыс жүргізу түгілі, тендерге қатысуға құқығы болмапты. Прокурорлар іс қозғап, тергеуді бастаған кезде кәсіпкер тергеушілерге шенеуніктің былығын жайып салған.
Нұрсұлтан Қалдырбай, Қарағанды облыстық прокуратурасының ресми өкілі:
- «DST Қазақстан» ЖШС-не қатысты қылмыстық іс бойынша жаңа деректердің орын алуына байланысты қазір Қарағанды қаласы әкімінің орынбасары Жақсылық Шалабековке қатысты тергеп-тексеру басталды. Бюджет қаражатын ұйымдасқан адамдар тобымен, алдын ала сөз байласу арқылы жымқырған деген кінә тағылды. Бүгінгі күні Шалабеков сот санкциясымен екі айға қамауға алынды.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!