Іздестіру: Жүк көлігімен бейіттердің тас-талқанын шығарған
Қарағандыда жүк көлігімен зиратқа кіріп, молаларды талқандаған күдікті іздестіріліп жатыр. Қаскөй ауыр техникамен зираттағы 13 бейіттің қоршауын бұзып, естелік тақталарының тас-талқанын шығарған. Қираған бейітте жатқан марқұмдардың туғандары бұл айуандыққа айтар сөз таппай отыр. Полицейлер де мұндайды алғаш көруіміз деп аң-таң. «Күдіктіні тайлы-тұяғымызбен іздеп жатырмыз» - дейді.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
15.09.2020
Зираттың бір басынан кіріп, жолындағысын жайпаған ауыр техника бұл бейттің үстінде тіреліп қалыпты. Алайда дөңгелектің астына кірпіш қойып шыққан. Шыққан да, бейіттің тас-талқанын шығарған соң, қалған екеуін де бұзып кеткен.
Сейітжан Алдияров әкесінің бейітітінің басында салы суға кетіп отыр. Төрт жыл бұрын жер қойнына беріп басын көтергенде ардақтысының жатқан жері ойран болады деп кім ойлаған... Қазір сау қалған кірпіштерін тазартып, жылдамдатып басын қайта тұрғызудың қамына кіріспекші. Өйткені оның аяқ асты болғанын қаламайды. «Бәрінен бұрын мынаны көрген анама қиын болды», - дейді.
Сейітжан Алдияров, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Ауыр тиді, бәрімізге ауыр тиді. Жақсы нәрсе емес. Үстінен басқан, көрдіңіз бе? Анау жақтан келіп, мына жақтан шыққан. Басса, ізі жатуы керек еді. Ізі жоқ. Шөмішпен бе, бірдеңемен тартып былай қарай сүйреген. Неге екенін білмеймін, ең болмаса, істеген адам келіп мойындаса...
Талқаны шыққан басқа бейіттерге де жақын-жуықтары жеткен. Бұл сұмдыққа барған адамның есі дұрыстығына күмәнмен қарайды. Болмаса, араққа сылқия тойғанның қылығы.
Айтқали Мұқатаев, Қарағанды қаласыны тұрғыны:
- Адам деген сыйлау керек, бұл жерді, бәріміз де о дүниеге барамыз. Соған қарағанда түсінбейтін ақымақтар істеген-ау. Дені дұрыс болса, өзі түсінер еді. Артқа беріп шегінер еді. Ал бұл алдыға бере берген. Арғы жақта да бұзылған бейіттер бар. Мына жерде автобан, содан айналып өтпек болып қашқан ғой деймін.
Полицейлер: «Оқиға орнынан көлік іздері мен түрлі айғақ заттарды алдық» - дейді. Қылмыстық іс қозғапты. Бірақ мұндай сұмдықты олар да алғаш көргенін жасырмайды.
Болатбек Сағынаев, Киров полиция бөлімі бастығының орынбасары:
- Осындай талқандау оқиғасы бірінші рет болып тұр. Басында өзім де сенбедім. Сондықтан өзім келіп қарадым. Кейін тергеу тобын шақырып, қарап, тексеріп, материалды жасап іс қозғадық. 40 тонналық «Хова» көлігі ме деп ойлап тұрмыз. Жай көлік мұндайды жасай алмайды.
Полиция қаскөйді табуға «барымызда саламыз» деп отыр. Ал бұл зиратқа ешкім иелік етпегендіктен, қарауыл мен шырақшы жоқ. Сондықтан күдіктіні табу оңай болмасы анық. Қазір мұнда бейіт басы талқандалғандардың туыстары біртіндеп жиналуда. Аяққа тапталмасын деп, қирандыларды тазартуға кірісті. Кейбір талқандалған естелік тақталар кешеден бері бері жақындарын «күтіп», әлі жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!