{metadescription}
0:000:00
Эко-апат: Ойыл өзені бір жылда құрғап қалған

Эко-апат: Ойыл өзені бір жылда құрғап қалған

Ақтөбе облысындағы ең ұзын өзен Ойыл тартылып қалды. Мамандар: «Арнасын шұғыл толтырмаса, экологиялық апат болады» деп дабыл қағуда. Өзен бойын жағалай қоныстанған ауыл тұрғындары да алаңдаулы. «Қорадағы мал түгілі, адам ішетін су табылмай қалады» деп қорқады. Себебі, өзен арнасымен бірге жерасты сулары да қашады екен. Тілшіміз табаны құрғаған Ойылдың жағдайымен танысты.   

«Ойыл қайда? Жем қайда?» деп айтылатын  халық әніндегі Ойыл өзенінің арнасы. Табаны құрғап, су қалмаған. Былтырға дейін ең тайыз деген жерінің тереңдігі 14-15 метрге жететін. Қазір құр қамыс қалған.

Ұзындығы 800 шақырымға жететін Ойыл өзенінің бір жыл ішінде құрғап қалғанына тұрғындар алаңдаулы. Өзен жағалауынан малын суарап, шөбін де осы маңнан шабатын. Биыл судың жоқтығынан қорасында төрт түлік ұстап отырған тұрғындар қиналып отыр. «Егер Ойылды қалпына келтірмесе, Барқын құмындағы жерасты суы да қашады, деп қорқады.

Ерсұлтан Мақсымов, Қаратал ауылының тұрғыны:

- Біздің мақтаныш ететін Ойылда дым су жоқ. Арна кетсе, Барқын кетеді. Барқын кеткен соң, мұнда ел тұрғыны болмайды. Келешекте Барқын кетіп қалса, ішіп отырған су да болмайды. Су болмаса, халық қайда барады?

Бұрын Атыраудың Миялы ауылына қарай ағатын өзен арнасын күз түскенде бөгеп, көктемде бір-ақ ашатын. Соңғы жылдары су шаруашылығына жауапты мекемелер оны қысы-жазы ашып қоятын болған. Ал су саласымен айналысатын ғалымдар Ойылдың құрғауына Мұғалжар тауындағы қиыршық тас өндіру жұмыстары кесірін тигізді дейді. Өйткені Ойыл бастауын дәл осы таудан алады. Ал таудағы біраз бұлақтың көзі бітеліп қалған. Бірақ шенеуніктер ол болжамды тексеруге құлықты емес. Тек ала жаздай жаңбыр жаумай, қуаңшылықтан небәрі бір жылда Ойылдың арнасы тартылды деп отыр.

Ғалидолла Әзидуллин, Су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясының басшысы:

- Екі жыл бойы екі су торабында да су жиналған жоқ. Себебі – қыстың қарсыз, жердің ылғалдығы жоқ, жаңбыр жоқ. Ос үш факторға байланысты бізде көктемгі су тасқыны болмай тұр.

Аслан Кенжебаев, Ойыл ауданы әкімінің орынбасары:

- Қазір Ойыл өзенінің мәселесімен аудан тарапынан біз аудан мамандарын тартып, қарап шықтық. Бітелген бөгелген жерлер бар ма екен? Қазір аудан аумағында ондай жер анықталған жоқ.

Ғалымдар Ақтөбе облысының аумағындағы экологияық жүйенің бұзылғанын айтады. Сондықтан аймақта өзен-суға қатысты толық зерттеу жүргізу керек деп отыр. Егер қазір қолға алмаса, ертеңгі күні ішерге су таба алмай қалуы мүмкін.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Серіктестер жаңалықтары

загрузка...
Қазір эфирде