Қуат Хамиттің қылығы хайп па, әлде айып па?
Басы дауға қалған Қуат Хамит бүгін бостандыққа шықты. Қылмыстық іс қозғалғанмен, полицейлер оның жақтастарының жиналуынан ыққаны ма, жекпе-жек шеберін қонақ үйіне дейін өздері жеткізіп тастады.
Автор: Асқарбек Қазанғап
15.09.2020
Коронавирустың тарауын дезинфекторлардан көріп, «оларды көрсеңдер, ұрыңдар, үйде қару болса, атыңдар» деп, әлеуметтік желіде шу тудырған Хамитовтың өзі айтқанынан айнып қалыпты. «Найман» лақап атымен танымал ММА файтеріне санитарлық жұмысты жүргізетіндер де өз ренішін айтып жатыр.
Дезинфекция жасайтындарға шүйліккен Қуат, тіптен автоматы барларды тікұшақ көрсе атуға шақырды. Өз азаматын өзге отандасына иттей айтақтатқан бұл үндеудің ақыры оның қамауға алынуына ұласты. Алайда полицейдің алдында қарқыны әлдеқайда бәсеңдеп қалған.
- Ол видео қалжың ретінде түсірілген. Мен ешкімді жаппай көтеріліске шақырмаймын.
Қуаттың қамалғанына қапалы жақтастары бүгін оған қолдау білдіруге жиналмақ болған. Алайда полицейлер оған үлгертпей, "жуасып қалған" спортшыны өз көліктерімен қонақ үйіне дейін жеткізіп тастады. Ал асықпай жуынып-шайынып, бір сағаттан кейін журналистерге шыққан Қуат Хамит бөлімшеде айтқанынан қайта айнып, өз сөзін қайтып алмайтынын жеткізді.
Қуат Хамит, жекпе-жек шебері:
- Мен әрқашан өз айтқан ойымда тұрамын. Ешнәрсе өзгерген жоқ. Бірақ енді ешкімді атып, ұрудың керегі жоқ. Жаңағы ауылда айтылатын сөздер ғой, бұрынғы заманда таяқпен, таспен ататын апа-аталарымыз.
Ал Алматыдағы көше мен үйлерде санитарлық жұмыс жүргізетіндердің Хамитке өкпесі қара қазандай. «Бізді ұратындай не жаздық?», - дейді олар.
Асылбек Адасханов, дезинфекция менеджері:
- Біздің жігіттердің мұндағы бар еңбегі халыққа деген қызметі ғана. Барлығы әйбат жігіттер, ұрудың қажеті емес. Ұрсудың қажеті емес. Тек халықта бір түсінік қалыптасу керек, бұл еңбектің бәрі халық үшін.
ММА файтері бір түндік қамаудан кейін бостандыққа шыққанмен, бұл даудың нүктесі әлі қойылмады. Қуаттың қалжыңын құзырлы орган әр әрпіне дейін майшаммен қарап жатқан сыңайлы.
Нұрділдә Ораз, ҚР Ішкі істер министрлінің ресми өкілі:
- Бұл азамат әлеуметтік желі арқылы заңсыз әрекеттерге үндейтін видео жариялаған. Бұл тікелей заңбұзушылық және мұндай әрекеттерге қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Ішкі істер министрлігі азаматтарды жалған ақпарат таратпауға және тек мемлекеттік органдардың ресми дерек көзіне сенуге шақырады.
Іле-шала инстаграмда пост жариялаған Қуат Хамит көпті тағы да ойға қалдырды. «Соғыста қулықтың та пайдасы бар, бұл тек әлі бірінші раунд» деген жазбасына қарағанда, қуырдақтың көкесін алда көретін сияқтымыз. Соңғы бір жарым жылда жекпе жек өткізбегенмен, ол осындай шумен үнемі ел аузында. Хамитовтың қылығы хайп па, әлде айып па? Ол тек өзіне ғана мәлім.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!