Оралда жемқорларға жиіркенішпен қарау акциясы өткізілді
Орал тұрғындарына жемқорды сабауға мүмкіндік берілді. Жұрт та қарап қалмай, парақорды таяқтың астына алып, кейбірі тіпті тұмсығын бұза жаздады. Бұл өңірдегі жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі ұйымдастырған акция аясындағы кішігірім қойылым болатын.
Автор: Саят Дәулетжанұлы
18.09.2020
Ұйымдастырушылар құбыжықтың бетпердесін киген кісіні көшеге жіберген. Қолына жалған ақша ұстатып, мойнына «мен жемқормын» деген жазуы бар плакат іліпті. «Бармақ басты, көз қыстыдан» хабардан кез келген адамға оны ойыншық таяқпен ұрып алу мүмкіндігі берілді. Жемқорлықпен бетпе бет келген әрбір тұрғын өшін осыдан алуы керек болған. «Акцияның мағынасы – елдің жемқор атаулыға жиіркенішпен қарауын қалыптастыру» - дейді ұйымдастырушылар. Жыл басынан бері тек осы өңірде жемқорлыққа қатысты 120 қылмыстық іс қозғалған екен.
Нұрдәулет Сәмет, БҚО Жемқорлыққа қарсы күрес қызметі жетекшісінің орынбасары:
- Тұрғындар жемқорлардан жиіркенуі керек. Мақсатымыз – жемқорлық мәселесіне қоғамның назарын аудару. Сондықтан біз бұл адамға құбыжықтың бетпердесін кигіздік. Жемқорлыққа қатысты істердің көбі құқық қорғау органдары, әкімшілік және бюджеттік мекеме қызметкерлеріне қарсы қозғалып жатыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!