Көкшетауда той өткізген 6 мейрамхана айыппұл арқалады
Көкшетаулықтар карантиннің толық тоқтатылмағанына қарамастан жаппай той жасауға көшті. Өткен демалыста құрамында құзырлы органдардың өкілдері бар мониторингтік комиссия бір кеште 6 мейрамханада қызып жатқан тойдың үстінен түсті.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
21.09.2020
- Жақсылап ет турап, туралған еттің бір-екі түйірін...
Асаба тойшы қауымды ет жеуге шақырғаны сол еді, бір топ тексеруші кіріп келді. 14-15 столға жайғасқан қонақтар карантинді білмейді емес. Тойға келген көліктерін басқа үйдің ауласында қалдырып, кейбірі таксимен жеткен. Тойға ғимараттың артқы есігінен кіріпті. Көкшетауда бұдан басқа 5 мейрамханада үйлену, қыз ұзату, мерейтойлар өткізіліп жатқан. 120-150 адам жиналып той көрігін қыздырып жатқан көңілді кешті комиссияның тоқтатуына тура келді. Енді той иесі 83 мың теңгеден аса, ал мейрамхана иесі 640 мың теңгеге жуық айыппұл төлеуі тиіс.
Сәуле Сәдуақасова, Ақмола облысының тауарлар мен көрсетілетін қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:
- Облыста тамыздың 17-сінен карантин шектеулері жеңілдетілді. Қазір қоғамдық тамақтану орындарында 50 адамға дейін ауқаттана алады. Бірақ ұжымдық шара өткізуге, яғни қонақ шақырып той жасауға мүлдем болмайды. Олар карантин талабын бұзып отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!