Олжас Әбішев бюджеттің жарты миллиардын ысырап қылған
Қаржы мониторингі комитеті бүгін Денсаулық сақтау министірінің бұрынғы орынбасары Олжас Әбішевтің не үшін ұсталғанын мәлімдеді. Экс-шенеунік бюджеттің жарты миллиард теңгеден астам қаржысын ысырап қылған. Әбішевтің қолына кісен өткен айда салынған болатын.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
21.09.2020
Жанат Еламанов, ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің төрағасы:
- Қазір бұрынғы вице-министр Әбішевке қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Ол ақпараттық жүйелерді жасауға бөлінген 500 миллион теңгеден астам қаржыны ысырап еткені үшін айыпталып отыр. Әбішевтің осыншама қаржыға жасатқан ақпараттық жүйесі қазір түкке жарамсыз, техникалық талапқа жауап бермейді.
Олжас Әбішев Денсаулық сақтау вице-министрі қызметіне 2018 жылы тағайындалған. Министрлікте ол цифрландыру және ақпараттық қауіпсіздік мәселесіне жауап берген. Тергеу мәліметінше, Әбішев денсаулық сақтау саласын цифрландыруды ілгерілетуі тиіс ақпараттық жүйені дайын болмаса да қабылдап, жарты миллиард теңгеден астам қаржыны тапсырыс орындаушылардың шотына аударта салған. Ал сол ақшаның қаншасы шенеуніктің қалтасына пара болып кері қайтқанын тергеушілер анықтап жатыр. Бюджет қаржысын жымқырғаны үшін қазір экс-вице министр қамауда отыр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!