Көкшетау кентінде үйі өртенген тұрғындар далада қалды
Көкшетаудың шетіндегі кент тұрғындары бүгін өрт сөндірушілердің дабылынан оянды. Красный Ярдағы төрт қабатты үйде алапат өрт болған. От подъезде тұтанған. Құтқарушылар таң атпай қалың қара түтінге қамалған жұртты сыртқа терезеден алып шығуына тура келді. Ұйқылы-ояу тұрғындар арасында ыс тиіп жедел жәрдем көмегіне жүгінгендер де бар. Қазір үй электр қуатынан мүлдем ажыратылды. Пәтерлері қап-қара күйе болған олар сабылып далада жүр.
Автор: Айзат Тұрғынбекқызы
22.09.2020
Таңғы сағат жеті шамасында өрт 30 электр есептегіші орналасқан қорапта тұтанған. Әлі ұйқыдан тұрып үлгермеген жұрт апыл-ғұпыл сыртқа ұмтылыпты. Бірақ бұл кезде жалындаған қызыл жалын мен қалың қара түтін есікті ашуға мүмкіндік бермеген.
Есіктен емес, терезеден шыққан тұрғындар арасында ыс тигендер де бар. Жедел жәрдем 7 және 10 жасар бала мен 52 жастағы әйелді ауруханаға алып кетті. Электр қорабынан шыққан өртті құтқарушылар сөндіргенімен, ыстықтан балқып кеткен сым орамасынан қолқаны жаратын иісі жайлаған. Пәтерлерді қап-қара күйе басып, аяқ басар сау жер қалмапты.
Серік Омаров, Көкшетау қаласының тұрғыны:
- Өліп қала жаздадық.Әйтеуір аман-есен қалдық.Үйге қалай кіреміз? Үйдің бәрі сасық.Шаң. Күл. Кіре алмайсың.Дем алу қиын болып тұр. Бұл үйдің өзі қожасы жоқ. Қожасы болмаған соң сымдары ескі.
Бұл үйде шынымен ие жоқ. Тек 18 пәтер Көкшетау мемлекеттік университетінің иелігінде. Ұстаздарға жалға берген. Сондықтан мұндағы жағдайға ешкім бас қатарып жатқан жоқ дейді ұстаздар. Бұған дейін де талай жарық жалп етіп сөніп, электр қуатына қатысты түйткілдер болған. Бірақ электр компаниясындағылар бүгінгі оқиғаға тұрғындардың өздері кінәлі деп отыр.
Данияр Колгаев, «Зеренді-Энерго» электр торабы директорының орынбасары:
- Есептегіш құралдарын тұрғындар өзі сатып алуы тиіс. Олар біздің тұтынушыларымыз. Күн күрт суытқалы электр жылытқыштарын қосып, қуатты шамадан асырып жіберу де себеп болуы мүмкін. Енді өрттің нақты неден болғаны сараптама арқылы анықталады.
Тұрғындардың күздің қара суығында қашанға дейін жарықсыз отыратыны белгісіз. Бәрінен бұрын үйінде қашықтан оқитын балалардың байланыссыз қалғаны қиын болып тұр.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!