Дүкенде неге отандық ауылшаруашылық өнім аз?
Елімізде бидай және ұнды экспорттайтындардың арасында ортақ мәміле жоқ. Соның салдарынан сыртқы нарықта қазақстандық ұнды қабылдауды шектеуге әрекеттеніп жатқан мемлекеттер бар. Ал биыл қамбаға 18 миллион тоннадан астам астық құйлса, соның 7 миллион 500 мың тоннасы шекара аспақ. Бұл ұнмен есептегендегі меже.
Автор: Нұрқанат Омарұлы
22.09.2020
Сайып келгенде экспорттан түсетін кірісті арттырамыз десек, сыртқы нарыққа тек дайын өнім шығаруды талап етуге көшкен абзал. Сарапшылар осылай деп отыр.
Отандық экспортта шикізаттан гөрі дайын өнімнің көлемі көп болуы тиіс. Иә, бұл меже, мақсат әлі күнге айтылып келеді. Басқа-басқа, аграрлы мемлекет ретінде Қазақстан бидайды әлі шикізат ретінде сыртқы нарыққа ұсынуын тыя алмай жатыр. Себебі, сарапшылардың пікірінше, өңдейтін кешен жеткіліксіз. Әрі ішкі нарықтағы импорттың да үлесі басымдау. Тізе берсе, себебі көп...
Төлеутай Рақымбеков, сарапшы:
- Біз таң қаламыз, ауыл шаруашылығы өнімдерін жеткілікті көлемде өндіреміз, ал дүкенге кірсеңіз, тіпті сүт, айранға дейін Ресей мен Беларусьтан келеді. Оның бір себебі, менің ойымша – салық жүйесі. Қосымша құн салығын алып тастамайынша, біз өмірде проблеманы шеше алмаймыз. Егер де осының барлығын қолға алатын болсақ, бір жыл, екі жыл демей-ақ қояйын, үш-төрт жылда қойылған талапты орындауға қол жеткізуге болады.
Сарапшылар бидай өңдейтін кешендер жетіспейді деп отырғанда, сол кәсіпорын иелері елдегі өңдейтін кешендер, ары кеткенде 60-70 пайызға толтырылатынын айтады. Оған қоса шикізаттық, не өңделген өнімді экспорттауда отандық кәсіпкерлердің ортақ мәмілесі жоқ екен.
Олег Куртвапов, астық компаниясының қаржы директоры:
- Қазақстандағы бидайдың экспорты қадағаланбайды. Мәселен, біздің ұнды тұтынатын Орта Азия елдеріне отандық бидай да жеткізіліп жатыр. Соның салдарынан Өзбекстан, Ауғанстан секілді елдер бидай өңдеу кешендерін салып, біздің ұнның нарықтарына енуіне талай кедергі жасап жатыр. Сондықтан бидай экспорты ұн экспортына кедергі келтірмеуі тиіс. Мұны реттейтін уақыт келді.
Ал Ауыл шаруашылығы министрлігі астықтың биыл бітік шыққанын айтып мәз. Бидайдың экспортталуын тыймаса да, жыл сайын сыртқа кететін көлемін азайтып жатқанын айтып ақталды. Мәселен, былтыр 17,4 миллион тонна астық орылса, соның 9 миллионнан астам тоннасы экспортталған. Ал биыл...
Алмат Кунаков, ҚР АШМ Өсімдік шаруашылығын дамыту стратегиясы басқармасының басшысы:
- Биыл 18,2 миллион тонна өнім қамбаға құйылды. Соның 8,8 миллион тоннасы ішкі нарықта қалса, ұн мен бидайдың экспорты 7,5 миллион тоннаны құрайды. Бидай экспортына байланысты ешқандай шектеу жоқ.
Айтпақшы, қазақстандық бидайға әдеттегі Орта Азия елдерін айтпағанда, іргедегі Қытай да қызығып отыр. Оның өзінде тек жоғары санаттағы дақылды талап еткен. Былтыр 462 мың тонна бидай сол елге жөнелтілсе, биылғы көрсеткіш тек жыл соңында белгілі болмақ. Бірақ былтырғы экспортталған көлемнен әлдеқайда жоғары болатыны анық.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!