Студенттер Мәскеуге билет таппай сандалып жүр
Аспандаған баға! Ресейде оқитын қазақстандық студенттер Мәскеуге билет таппай сандалып жүр. Тікелей рейс әзірге жоқ. Ал Түркия немесе Біріккен Араб Әмірліктері арқылы ұшатын болса, бір жаққа барудың құны миллион теңгеге жетеді.
Автор: Асқарбек Қазанғап
23.09.2020
«Эйр Астана» бірер күнде Нұр-Сұлтан-Мәскеу бағыты қайта жанданатынын жеткізді. Бірақ аптасына бір-ақ рет жолаушы таситындықтан, билет әзірден жоқ. Бұл жағдайға қатысты Азаматтық авиция комитеті өз пікірін білдірді.
Ақмаржан Көшербаева Мәскеудің мемлекеттік қызмет академиясының магистратурасында оқиды. Биыл екінші курста. 12-қазанда сабағы басталады. Бірақ, барайын десе, тікелей рейске билет жоқ. Ал басқа ел арқылы ұшу бағасы орташа бір миллион теңге екенін естігенде, көзі шарасынан шықты.
Ақмаржан Көшербаева:
- Бұндай бағаны өмірімде көрген емеспін. Мен Нью-Йоркке, Лос-Анджелеске, Антарктидаға ұшып бара жатқан жоқпын. Мен мына көрші Ресей мемлекетіне ұшып бара жатырмын. Өз сабағыма қатысу үшін.
Интернетте билет сатумен айналысатын агенттік Мәскеуге сұраныстың күрт өскенін растап отыр. Өзге ел арқылы ұшуға билет алудың екінші жағы бар. Ресей олай жеткен біздің жолаушыларды карантинге байланысты қабылдамауы мүмкін. Ондай жағдайда миллионға алған билет желге ұшады.
Еркебұлан Міржақыпов, билет сататын агенттіктің өкілі:
- Қазір Мәскеуге Стамбұл, не Дубай арқылы ұшуға болады. Бірақ алдын ала билет сатып алмас бұрын, елшіліктен толық ақпарат біліп алу керек.
«Эйр Астана» әуе компаниясы 26 қыркүйектен бастап Нұр-Сұлтан-Мәскеу бағытына ұшақтар қайта жолаушы тасымалдайтынын жеткізді. Бірақ бүгін сатылымға түскен билеттер ілезде сатылып кеткен.
Тілек Әбдірахманов, «Эйр Астана» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері:
- Рейстер аптасына бір рет – сәрсенбіде ұшады. Ал алғашқы рейсіміз осы сенбіде орындалады. Жоғары сұранысқа және ұшу жиілігіне байланысты қазан айының соңына дейін эконом-кластағы барлық билет сатылып кетті.
Азаматтық авиация комитеті бұл жағдайдан хабардар. Жолаушылардан сұраныс көп болғанымен, рейс саны нақты қашан көбейетінін дөп басып айта алмады.
Әділет Көбенов, Азаматтық авиация комитеті авиациялық тасымалдау басқармасының басшысы:
- Эпидемиологиялық ахуалға байланысты екі ел ары қарай рейс санын көбейту жағын келіседі. Ол жақтан ұшып келетін жолаушыларға талап қатаң. Келген бетте дене қызуы тексеріліп, сауалнама толтырады. Одан бөлек, қолында вирус жоғын растайтын міндетті түрде анықтамасы болуы тиіс.
Осыған дейін Ресей ПТР-тест талап етілмейтін елдердің тізімінде болған. Енді көршіден келетін қонақ пен отандасымызға ол жеңілдіктің күші жойылғанға ұқсайды. Ал билет тапшылығына қатысты мәселе шешімін таппаса, Ресейде білім алатын көп студентіміз оқуға кешігіп жетуі мүмкін.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!