Ұзынағаш суға, жарыққа, газға жарымай отыр
Назардан тыс қалғадар! Алматы облысының Ұзынағаш ауылында жүзден астам үй су, жарық пен көгілдір отынға жарымай отыр. Атқамінерлер өлместің күйін кешкен қарашаның 7 жылдан бері түйіткілді мәселелерін шешпей, құр уәдеге тойдырып келеді.
Автор: Сымбат Ғалымбекұлы
24.09.2020
Әкімдік ауылдың ішіне инфрақұрылымды жақсартып, сыртында тұратын халықты мүлдем ұмытқан көрінеді. «Өркениеттен тыс қалдық» деген жұрттың жанайқайын тілшіміз тыңдап қайтты.
Ұзынағаш ауылына кейіннен қосылған қараша көкейді кернеген өзекті мәселелерді айтуға тайлы-тұяғы қалмай жиналды. Жұрттың жанына бататыны алдымен электр қуатының аздығы. Жарықтың азабын тартқан тұрғындар техника атаулы күйіп бітті деп күйінеді. Себебі, елдімекен сыртындағы жүзден астам үйге жалғыз трансформатордың күші мүлдем жетпейді.
Әбдісейіт Ергешов, Ұзынағаш ауылының тұрғыны:
- Бізде қаншама техника күйіп кетіп жатыр. Ұятта болса айтайын, селкілдеген тоңазытқышты ұстап тұрамын. Қаншама бала-шаға немере бар дегендей.
Жарықтан бөлек, ауыл халқы сапалы суға жарымай отыр. Өйткені, елдімекеннің шеті орталық су жүйесіне қосылмаған. Ал жердің астына келетін мына су құм аралас ағады. Жұрт амалдың жоқтығынан лай суды қайнатып ішуге мәжбүр. Өйткені күн сайын тіршілік нәрін дүкеннен сатып алуға барлығының қалтасы көтермейді.
Мәселен, Нұргүлдің ондай мүмкіндігі жоқ. Сондықтан жас ана құдықтан аққан ауыз суды бірнеше мәрте қайнатып, бала-шағасына дәкемен сүзіп береді.
Нұргүл Алпысбай, Ұзынағаш ауылының тұрғыны:
- Бірінші лай су ағады. Он шелектей төгіп тастаймыз. Кір де жуа алмайсың. Содан кейін таза су аққанда ішуге содан аламыз. Бүйректегі тас осыдан келеді ғой.
«Назардан тыс қалдық» деген наразы топ ауылдың ішін ғана жайқалтқан атқамінерлер сыртын мүлдем ұмытты деп қынжылады.
Бағдат Нұрбай, Ұзынағаш ауылының тұрғыны:
- Ауылдыққа барсақ ЖКХ-ға жібереді. ЖКХ-ға барсақ, ауыл әкімі шешеді дейді. Ауылдың да, ауданның әкімі бізге көңіл бөлмей отыр. Бізге не деген бөлінбейтін қаражат, үкіметтен! 3-4 жыл бөлінбейтін!
Көгілдір отынды тарту да бұқараның бас ауруына айналған. Оның үстіне кәріз қалдығын құятын орын мен мал базарының тым жақын орналасуы жығылғанға жұдырық болып, тұрғындардың тынысын тарылтып отыр. Ал праймеризге қатысып жатқан ауыл әкімі ағайынның арызын тыңдауға жарамай, қол астындағы қызметкерлерін жіберіпті. Ауданнан да басшы емес, өңкей маман ғана келген. Ашуға булыққан жұрт ішіп отырған суды соларға ұсынды
- Міне, осы суды ішіп отырмыз.
- Сіз ішесіз бе?
- Жоқ ішпеймін.
- Сіздер де ішпеңіздер.
Бірақ шенеунік құм аралас суды ішкен жоқ. Аудан атқамінерлері бұқараның бүкпесіз айтқан мәселелерін шешуге қаржы қолбайлау екенін жеткізді.
Қайсар Әбсейітов, Жамбыл ауданы тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бас маманы:
- Жарық. Бізде жоба дайын тұр. 293 миллионға. Егер сол қаражат берілсе, ЖШС таңдап, жұмыстарды бастап кетеміз.2018 жылдан бері ақша сұрап отырмыз. Бізге тағы да 102 шақырым су құбыры керек. Бастапқы ақшасы берілді, 10 миллион. Ол жоба бір жарым жыл жасалады.
Шенеуніктер кәріз құдығын да көшіріп беруге уәде берді. Бірақ жеті жылдан бері табалдырық тоздырып шаршаған ұзынағаштықтар жергілікті әкімдікке сенбейді. Сондықтан олар базыналарын облыс әкіміне айтамыз деп тарқасты.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!