Оңалту: Коронавирустан жазылғандар психикалық көмекке зәру
Коронавирустан жазылып шыққандар медициналық оңалту орталықтарына ағылып жатыр. Әсіресе психикалық тұрғыдан көмекке зәру жандар көп екен.
Автор: Асқарбек қазанғап
24.09.2020
Емханада физикалық жаттығулардан бөлек, әр адамның хәліне қарай түрлі курстар бар. Оған кімдер жазыла алады? Қызмет құны қанша? Аурудан айыққандарды оңалтудың жай-жапсары:
Сандуғаш есімді келіншек ковидтан айыққанымен, үрейінен арыла алмаған. Ол Алматыдағы оңалту орталығына алғашқылардың бірі болып жазылды. Қазір жайсыз көңілі қалпына келіпті.
- Емделген соң оңалту орталығына келдім. Тыныстап демалу жаттығуларын жасап екі-үш апта болдым. Осындай күйге жетіп, жақсы болып қалдым.
- Өзіңізге ұнады ма жалпы?
- Ұнады.
№4 қалалық емхана тамыздан бері Сандуғаш секілді 70 науқасқа көмек берген. Оңалту орталығы түс әлетінен толады. Мұнда келген әр адамға вирус небір әсер қалдырған. Оларға физикалық, психологиялық жаттығу, массаж секілді түрлі ем ұсынылады.
Айгүл Сұлтанбек, № 4 қалалық емхананың реабилитологы:
- Әрбір бағдарлама жекелей қаралады. Спорттық жаттығу оңалтудың ең үлкен бөлшегі. Және қосымша бізде массаж кабинеттері бар, инемен емдеу, тыныс алуды емдейтін қосымша тұз шахтасы бар.
Емханада тіркелген науқастар еш кедергісіз осы емнің бәрін тегін қабылдайды. Тек қолында ПТР-тест қорытындысы болуы шарт. Оңалту курсы орташа он күнге созылады. Мұнда келуге мүмкіндігі жоқтарға мамандар онлайн жаттығу да өткізеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында әр науқас санатына қарай оңалту орталығына жолдама алады.
Болат Төкежанов, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының төрағасы:
- Өте ауыр дәрежедегі КВИ немесе пневмониямен ауырғандар тәулік бойы стационарда екі кезең оңалтуға жатады. Кейіннен үшінші кезеңге ауыстырылады. Орташа ауыр КВИ, пневмонияны басынан өткізген жандар стационар деңгейінде, оның ішінде санаторияық курорттық жағдайларда, күндізгі стационарда оңалтуға жатқызылады.
Тіркелген емханаға барып, реабилитологтардың қорытындысымен ауру санатына қарай шипажайларға жолдама алуға болады. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан биыл осындай оңалтуға 46 миллиард бөлініпті. Шипажай, емхана, тағы да басқа емдеу, демалыс орындары бар жалпы 559 мекемемен келісім-шарт жасалған.
Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!