{metadescription}
Ақмола облысында төрт ауылдың жолы 30 жыл жөндеу көрмеген
Ақмола облысында төрт ауылдың жолы 30 жыл жөндеу көрмеген

Ақмола облысында төрт ауылдың жолы 30 жыл жөндеу көрмеген

Ақмола облысында жол азабы жанына батқан тұрғындар көшеге шығып жанайқайын жеткізді. Қыстай қар астында қысылып шыққан Көктерек, Қарашілік, Ортағаш, Қызылегіс ауылының тұрғындары  жазда шұрық-шұрық жолы жамалып, бір жеңілдеп қаламыз деп ойлаған. Өйткені 12 шақырым жолды жөндеуге 29 миллион бөлінгенінен хабардар еді.

Бірақ екі айдан бері олар бұл шаруаны атқаратын компанияны аймақтан таппай қалған. «Енді жұмыс сәл кешіксе, қыраулы қыс та алыс емес» - дейді ашынған жұрт. Жұрттың жанайқайы мен атқамінерлердің уәжін тілшіміз көріп қайтты. 

- Біздің ақшамызды қайда жіберді, білмейміз. Жол шұрық-тесік, жүре алмай қалдық. Бізді мазақ қылғаны ма?!

Бұл төрт ауылды аудан орталығымен жалғап жатқан жалғыз жол. 30 жыл бойы жөндеу көрмеген. Биыл жаз шыға сала қаражат бөлініп, мердігер жұмысқа кіріскенде ауыл әкімі тұрғындарға келіп, өзі сүйінші сұрапты. Жұрттың қуанышында шек болмаған. Өйткені ауыл тұрғындарына бұл жолмен аудан орталығы Зерендіге жету мұң болатын. Олар бюджеттен қаржы бөлінген болса, тақтайдай асфальт төселер деп күткен. Бірақ көп кешікпей әр жерді бір шұқып, шұрық тесікті жамаған болған мердігер компания артынан ізім-ғайым жоқ болған. Тұрғындар екі ай күтіпті. «Шыдамның да шегі бар», - дейді олар.

Ордабай Жолымбаев, Көктерек ауылының тұрғыны:

- Жаз бойы тесікті бітеді, екі ай жатты. Үйілгеннің үстіне шөп өсе бастады. Нанасыз ба? Бізге керегі осы жол ғана. Басқа түк сұрамаймыз да, шынын айтқанда. Өз күнімізді өзіміз көріп жатырмыз.

Өз күнін көрген бірнеше ауылдың тұрғыны алдағы қыстың жақындап қалғанын айтып, әкімдерге талай дабыл қаққан. Бірақ тағы да өткен жылдардағыдай қар астында қалатын сияқты. Өйткені аудан бюджетінен 29 миллион теңге бөлінсе де, жиектегі шөп шабылып, жол жөнделер емес. Бұл қаражат 12 шақырым жолды тұтас асфальттауға емес, жыртықты жамауға ғана беріліпті. Жұрт шулап жолға шыққанын естіген әкімдіктегілер де, мердігер де жетті.

Әділет Ескендіров, «Даяна сервис» ЖШС директоры:

Битум болмады. Біз Щучьедегі зауытқа бардық. Онда да жоқ. Әйтпесе баяғыда бітірер едік. Мемлекеттен әлі ақша алған жоқпыз. Сенбесеңіздер, сметаны көрсетейік.

Марат Жүнісов, Зеренді аудандық ТКШ жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы:

Иә, қазір проблема бар. Бір бұл учаскеде ғана емес. Мердігер өз ақшасын салған. Қазір битум таптық. Бұл жасағанын қайтадан алдырып тастаймыз. Қабылдамаймыз.

Мердігер шуылдаған жұртқа қазанның 20-сына дейін жолды жөндеп бітіретінін айтып уәде берді. «Қазір битум бар, енді ауа райы қолайсыз болып тұр» - дейді ол. Осылайша ала жаздай ән салған шегірткедей жағдайды  өзінше түсіндірген болды.

Бізді Youtubе-та қараңыз! Бізді Facebook-та, Instagram-да, Telegram-да оқыңыз!

Кеше

Серіктестер жаңалықтары

Қазір эфирде